Хабар телеарнасы

ДСМ су басқан аймақтарда сақтық шараларын күшейту керегін ескертті

Денсаулық сақтау министрлігі су басқан аймақтарда жұқпалы ауру тарап кетпеуі үшін сақтық шараларын күшейту керегін ескертті. Себебі су жайылған аумақтарда қауіпті кеселдердің ошақтары оянады. Одан бөлек, зираттар мен мал қорымдарын да су басты. Аурудың көбі ауызсу арқылы тарайтындықтан, оның сапасы бақылауға алынды.  

Тасқын жүрген аймақтарда 14 су ұңғымасы мен 9 құбыр су астында қалды. Ақтөбе, Қостанай, БҚО, Атырау, Қарағанды, Шығыс қазақстан облыстарында ауызсу сапасы тұрақты бақыланып отыр. Аталған өңірлерде судың сапасын анықтау үшін арнайы комиссия құрылған. Судан сынама алынып, тексерілген. Нәтижесінде, 4 мыңнан аса сынаманың, 130-ы гигиеналық талаптарға сәйкес келмейтіні анықталған. Яғни 84-і санитарлық-химиялық, ал 46-сы микробиологиялық зерттеу бойынша нормаға сай келмейді. Орталықтандырылмаған су көздерінен алынған 306 сынаманың 6-уы ішуге жарамсыз. Ал Батыс Қазақстан облысы бойынша тексеру қорытындысы мынадай:

Гүлдана Кереева, БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:
-Су тасқынының кезеңінде 212 су құбырынан 4-еуі су басу орын алған жағдай бар. Оның 4-еуі де ауданда. Аудандық санитарлық-эпидемиологиялық басқарма басшысының қаулысына сәйкес халыққа ауызсу беру бүгінгі күні тоқтатылып, халыққа суды тасымалдану тәсілімен әкеліп отыр.

Сала мамандары қазір эвакуациялық пункттердегі тазалықтың сақталуын да қадағалап отыр.

Әйгерім Уразалиева, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі:
-Эвакуациялық пункттерде ауызсу режимін және қауіпсіз тамақтануды ұйымдастыруды бақылау жүзеге асырылады. Санитарлық-дезинфекциялық режим сақталады. Сумен жабдықтау нысандарына, мал қорымдарына, кәріздерге және зираттарға мониторинг күшейтілді.

Мал қорымдары, сібір жарасы бар жерлеу орындары, тұрмыстық қалдықтар полигондарын да су басқан. Мамандар дерт жұқтырып алмас үшін сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырады.

Марат Байтүгелов , ҚР ДСМ санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің бас сарапшысы:
-Ауызсуды арнайы ыдыстарда, қайнатылған суларды пайдалану, су тасыған жерлердегі бұлақтардан, су ұңғымалардан суларды пайдаланбауы қажет. Су тасқыны тиген азық-түлікті пайдаланбауы қажет. Егер жұқпалы аурулардың белгілері пайда болғанда, дене температурасы көтерілуі мүмкін. Тоқтаусыз құсу болуы мүмкін. Басқа да клиникалық белгілер болған жағдайда медициналық көмекке жүгіну керек.

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, су басқан аймақтарда бүгінге дейін жұқпалы ауру таралу дерегі тіркелмеген.

Авторлары: Диана Қадыр, Әлібек Алиев