Хабар телеарнасы

Ұлытау облысының экологиялық ахуалын жақсарту үшін арнайы жол картасын әзірлеу қажет

Ұлытау облысының экологиялық ахуалын бағалау және жақсарту үшін арнайы жол картасын әзірлеу қажет. Өңірде көшпелі отырыс өткізген Парламент Мәжілісінің экологиялық мәселелер және табиғат пайдалану комитеті осындай ұйғарымға келді. Өңірде ауаны ластайтын зиянды заттардың 80% небәрі 5 ірі кәсіпорыннан тарайды. Бұдан бөлек облыс орталығы Жезқазған қаласының кәріз суын тазарту құрылысы әбден тозған. Ауызсудың да сапасы сын көтермейді. Кеңгір су қоймасының астындағы шөгінділер 30 жылдан бері тазартылмаған. Соңғы жылдары өңірде қатерлі ауру да дендеп тұр. Өткен жылы облыстың кейбір бөлігін төтенше экологиялық апат аймағы деп тану үшін арнайы зерттеу жұмыстары басталды. Нәтижесі жыл соңында белгілі болмақ. Ал жоғары аталған мәселелерді шешу үшін алдымен қаржыландыру көздерін анықтау керек.

Ерболат Сатыбалдин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Бұл мәселелердің шешу жолдары заңдарға өзгерту енгізу ғана емес, қаражаттың мәселесі де бар. Өндірістік қалдықтарды жинаған орын, сол жердің шаң-тозаңы көтеріліп Жезқазған қаласының ауа райына және Кеңгір су қоймасының суына араласу фактілері бар. Бұдан бөлек ірілі-ұсақты бірнеше мәселе бар. Осы сұрақтар комитеттің отырысында талқыланып жатыр. Комитеттің отырысынан кейін Үкіметке белгілі бір тұжырымдама дайындалады. Кейін ол Үкіметтің әрі қарай жұмыс атқаруы үшін негіз болады.