Хабар телеарнасы

Ұлттық құрама XX қысқы Сурдлимпиада ойындарына аттанды. Спорт жаңалықтары

Алматыда есту қабілеті зақымданған спортшыларды XX қысқы Сурдлимпиада ойындарына шығарып салу рәсімі өтті. Бұл ойындар наурыздың 2-сі мен 12-сі аралығында Түркияның Эрзурум қаласында өтеді. Спорттық шараға 36 мемлекеттен мыңға жуық спортшы қатысады. Байрақты бәсекеде ел намысын 23 атлет қорғайды. Олар шахмат, сноуборд пен шаңғы жарысынан сынға түседі. Құрама сапындағы 14 адам шахматшылар. Олар бұған дейін Италияда болған ойындарда командалық есепте бірінші орынды жеңіп алды. Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбрайымов спортшыларға жеңіс тілеп, мемлекеттік туды команда капитаны Сұлтан Қожахметовке табыстады. Халықаралық жарыстың жүлде қоры да қомақты. Алтын алқаны жеңіп алған спортшы мен бапкері 250 мың, күміс медаль үшін 150, ал қола медаль үшін 75 мың доллар сыйақы алады.

Су спортынан Азия чемпионаты. Қоржынымыз тағы бір алтын медальмен толықты

Дәл осы күндері Филиппин елінің Нью-Кларк-Сити қаласында су спорты түрлерінен Азия чемпионаты өтіп жатыр. Бүгін қоржынымыз тағы бір алтын медальмен толықты. Суға секіруде Диана Жұмағұлова мен Анабелла Кочкина жұбы 178 де 41 ұпай жинап алтыннан алқа тақты. Күміс және қола жүлдені Индонезия мен Гонконг қыздары өзара бөлісті. 

«Барысым-ай». ҚХЛ біз үшін керек пе?

«Барыстың» басынан бақайшығына дейін барлық жағдайы жасалған. Өзекті өртейтіні сол есіл ақша далаға кетті. Сол желге ұшқан қыруар қаржыны балалар игілігі үшін жұмсағанда ғой, шіркін! Жалпы құрлықтық хоккей лигасы біз үшін керек пе? Одан да Ұлттық біріншіліктің көркін қыздырып жастарымызға жол ашқан әлдеқайда тиімдірек еді. Сырттан келетін легионерлердің қалтасын қампайта бергеннен қазақ хоккейінің көсегесі көгермейді. Соңғы турда Барыс Сібірді жеңгенімен жанкүйерлердің сіресіп қалған көңілін сергіте алмады. Өйткені маусым басынан сүреңсіз ойнаған Барыс хоккейшілері көш соңында қалып қойған еді. Намыстан табысты жоғары қоятын жігіттер енді алаңсыз тынығады. Ал жанкүйерлер тағы сол алдағы маусымды үлкен үмітпен күтеді.