Хабар телеарнасы

«Хабар»

«Хабар» телеарнасы Қазақстан Республикасының заманауи медиа кеңістігінде халыққа қоғамда орын алған жайттар туралы жаңалықтар мен сараптамалық бағдарламаларды үздіксіз әрі жедел ұсынатын ақпараттық-телевизиялық агенттік болып табылады.

«Хабар» тарихы 1995 жылдан басталады. Сол кездегі Қазақ телеарнасының ақпараттық қызметі негізінде «Хабар» Ұлттық Телевизиялық Ақпараттық Агенттігі құрылады. 2013 жылы телеарна жаңа 16:9 кең экранды форматқа көшті. Жаңалықтар мен бағдарламалар эфирге астаналық «Қазмедиа орталығы» телерадиокешенінен шығады. 

Бүгінгі медиакеңістіктегі «Хабар» телеарнасы – саяси, әлеуметтік-мәдени құндылықтар мен дәстүр көпірі іспетті. 28 жылдық тарихында мемлекеттік ақпарат саясатының ең сенімді қайнаркөзі атауына ие болды. «Хабар» арнасы қазақ және орыс тілінде ондаған телехикаялар ұсынуда. Ортатәуліктік эфир тізбегінде арнаның өз өнімдерімен қатар серіктестерінің дайындаған жобалары, көркем және деректі фильмдер бар. «Хабар» арнасы дәстүрлі түрде Олимпиада ойындары, Әлем Чемпионаттары және т.б. әлемдік деңгейдегі спорт шараларының тікелей көрсетілімдерін ұйымдастырады. Ал техникалық және шығармашылық қордың арқасында еліміздің әр өңірінен маңызды саяси, мәдени және спорттық шараларды көрсетуге мүмкіндігі бар.

Әр жаңа телемаусымда біздің арна жаңа жобаларға дайын. Қазақстан мен әлемнің ең өзекті жаңалықтары «Жеті күн», «Талқы», «Итоги дня» ақпараттық-сараптамалық бағдарламаларында көрсетіледі. Азаматтардың әлеуметтік мәселелері көтеріліп, «Бізге хабарласқан», «В фокусе» және «Отдел журналистских расследований» сияқты жобаларда өз шешімін табуда. 

«Хабар» телеарнасы маңызды оқиғалар, атаулы күндер, сондай-ақ баға жетпес еңбегі қазақ халқының өмірінде орасан зор рөл атқарған тұлғалар туралы деректі фильмдер түсіреді. Мысалы, «Абайдың соңғы күндері» деректі фильмінің түсірілім тобының сапасы мен кәсібилігін «Тұмар» республикалық сыйлығының қазылар алқасының кәсіби құрамы жоғары бағалады.

Арна жыл сайын отбасы ішінде үйлесімді қарым-қатынас орнату, дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды сақтау, патриотизм, ұрпақтар арасындағы қарым-қатынас және басқа да жалпыадамзаттық құндылықтар сияқты қызықты тақырыптарды көтеретін әртүрлі жанрдағы сериалдар шығарумен айналысады. «Келінжан» телехикаясы көрермендердің қызығушылығын тудырды, бұған YouTube-тегі көпмилионды қаралым мен пікір айтулар дәлел. Нәтижесінде Қазақстанның барлық кинотеатрларында, сондай-ақ Қырғызстан аумағында прокатта сериал негізінде түсірілген «Келінжан» толықметражды фильмі көрсетілді. 2023 жылы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен алғаш рет «Наурыз-2023» отандық сериалдар сыйлығы өтті, онда «Келінжан» сериалы бірнеше номинация бойынша үздік деп танылды.

«Хабар» телеарнасы – қазақстандық медиа кеңістіктің ажырамас бөлігі. Миллиондаған көрерменнің сұранысын қанағаттандыру үшін қызмет етеді.