Хабар телеарнасы

Солтүстік Қазақстан облысында сұйытылған газ тапшы

Қазір өңірдегі жанар-жағармай құю бекеттерінің көбінде көгілдір отын тек талонмен босатылып жатыр. Оның себебі неде? 

Отбасылық бюджет үшін тиімді деп көлігін газға ауыстырғандар қалада қазір көгілдір отын таппай қиналып жүр. Себебі газ санаулы станцияда ғана бар.

Юрий Игнатов, жүргізуші:
-Ауылдан келдім. Ол жақта екі аптадан бері газ жоқ. Қазір темір тұлпарыма бензин құйып жүрмін. 

Жанар-жағармай бекеттерінің көбінен «Газ жоқ» деген жазуды көресіз. Тек ірі компаниялар ғана оны талонмен саудалап жатыр. Бір литрі – 81 теңге.

Самат Қайырденұлы, тілші:
-Бүгінгі күні Солтүстік Қазақстан облысында 138 газ құю бекеті бар. Оның 36-ы Петропавл қаласында орналасқан. Ал басым көпшілігінде бүгінгі күні көгілдір отын тек талонмен босатылып жатыр. 

Руслан Исмагилов, жанармай құю станциясының операторы:
-Біз тек қоғамдық көліктерге ғана құямыз. Оның өзінде міне екі сағат бұрын таусылып қалды. Енді аптаның соңына дейін болмайды деп жатыр. Жалпы бұл мәселенің туындағанына бір айдан асты.

Жауапты мамандардың айтуынша, мұндай мәселе орақ науқаны басталған кезде жылда қайталанады. Яғни қазір ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері астық кептіру үшін газды жаппай сатып алып жатыр.

Владислав Лукин, облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
-Орта есеппен біздің өңірге бір айға 5 мың тоннадан астам көгілдір отын қажет. Бірақ қазір орақ науқаны жүріп жатыр. Әрі жылыту маусымы басталды. Сондықтан газға деген сұраныстың артқандығын байқап отырмыз. Бізге қосымша көгілдір отын бөлу үшін министрілікке арнайы өтініш бердік.

Жауапты мамандардың айтуынша, жақын күндері аймаққа газдың кезекті партиясы жеткізіледі. Негізінен көгілдір отын Павлодар және Ақтөбе облысынан тасымалданады.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов