Хабар телеарнасы

«Мен сені сүйемін» фильмінің телевизиялық нұсқасы «Хабар» арнасынан көрсетіледі

Алматыда «Мен сені сүйемін» фильмінің алдын ала көрсетілімі өтті. Ғашықтардың махаббат хикаясы да тап осы қалада басталады. Бас кейіпкерлер – әнші қыз бен шыныққан спортшы жігіт. Екеуінің арасындағы нәзік сезімге секем түсіріп, түсінбеушілер табылады. Романтикалық туынды еліміздің барлық кинотеатрында, ал телевизиялық нұсқасы жыл соңында «Хабар» арнасынан көрсетіледі.

«Мен сені сүйемін» ғашықтардың махаббат хикаясы Сара мен Бектің арасында өрбиді. Бірі – жас әнші. Анасы–  беделді кәсіпкер. Ал Бек – спортшы жігіт. Ол ережесіз жекпе-жекпен шұғылданады.

Жандос Айбасов, актер:

- Фильмді түсіру барысында қызықты сәттер көп болды. Төбелесу көріністеріне арнайы каскадерлер тобы қатысты. Фильм әсерлі шықты деп ойлаймын.

Махаббат хикаясы небәрі екі айда дайындалып, бір айда түсіріліпті. Бас кейіпкер рөлінде – Сара Амангелдиева, бас продюсері – Гүлнұр Мамасарипова, режиссері – Ернар Нұрғалиев. Кино толық орыс тілінде түсірілген.

Гүлнұр Мамасарипова, фильмнің продюсері:

- Бұл фильм жалпы жұртқа телеарна арқылы көрсетілетін кезде қазақша нұсқасын береміз. Болашақта таза қазақ тілінде әлеуметтік мәселеге негізделген терең бір дүние түсіремін деген ойым бар.

Фильмнің телевизиялық нұсқасы жыл соңында жарыққа шығады. Оны ең алғаш болып «Хабар» арнасы көрсетеді.

Авторлары: Алмас Садуақас, Гүлжан Көленқызы, Мұхит Құдықбаев