Хабар телеарнасы

Қазақ әскері — Орталық Азияда көшбасшы

Былтыр көктемгі және күзгі әскерге шақыру науқанының қорытындысы бойынша 37 мыңнан астам азамат мерзімді борышын өтеуге аттанды. Оның 16 мыңы еліміздің Қарулы Күштеріне жіберілсе, қалған 21 мыңы Ұлттық ұлан, Шекара қызметі, Мемлекеттік күзет қызметі мен Төтенше жағдайлар министрлігінің әскери бөлімдерін толықтырды.
Әскер демекші Қазақстан армияның әлеуеті бойынша әлемдік рейтингте Орталық Азияда көшбасшы атанды. Бұл деректі осы салаға машықтанған Global Firepower сайты жариялады.

Әскери құрылымды біздің елде негізінен үш санатқа бөліп қарастырамыз. Құрлық, теңіз және әуе күштері. Әрқайсысы өз ішінде жауынгерлік топ, мотоатқыштар батальоны, барлау полкі, механикаландырылған бригада, байланыс мамандары тағы басқа болып бөлінеді. Әлемдік рейтинг жасалғанда 60 түрлі критерий назарға алынған. Олардың ішінде әскери бөлімшелер мен жауынгерлер санына қоса орналасқан орны, қаржыландыру және технологиялық жарақтандыру тағы басқасы бар.

Осы көрсеткіштерге сай әскери держава үштігінде АҚШ, Ресей мен Қытай тұр. Түркия – 8, Қазақстан 58-ші орында. Өзбекстан 65, Түркіменстан 83, Қырығызстан 100-ші орынға жайғасыпты. Рейтинг тізімін 145-ші орынмен Бутан түйіндейді.

Былтыр Қазақстан аталмыш рейтингте 63-ші орында болған. Биыл 5 сатыға жоғарылады. Әлемде 58, ал Орталық Азия бойынша алатын болсақ өңірде біз көшбасшылық орынға жайғасыппыз.

Бақытжан Ертаев, «Тәуелсіз Қазақстанның халық батырлары» РҚБ төрағасы:
-Бұл өте жақсы нәтиже. Менің ойымша бұл тағы да алға басады. Алдағы мақсаты резерв құру. Қандай қаруы күшті болса да, қандай техникамен қаруланса да оны шебермен қолдану керек. Сарбаз шебер болса техниканы қолдана алады.

Кей сарапшылар елдің қорғанысына қатысты мұндай статистикаға қатты сенудің қажеті жоқ деп санайды. Әдетте мұндай тізімді құру үшін телеарна, газет-жуналда жарияланған мақалалар негізге алынады екен. Яғни шетелдіктер біздегі құбылыстарды бақылап отыр.

Амангелді Құрмет, әскери журналист:
- Бұл рейтинг шын мәнінде өте қуатты сараптама емес. Бұл әдетте медиаға, сарапшыларға дерек беретін база деуге болады. Оның барлығын ашық көздерден алып отырғанын ескеру керек. Құпия деректерді ол рейтинг жасаушылар ешқашан ала алмайды.

Ал қорғаныс саласын жетілдіруге қатысты айтуға болатын ақпараттар ашық көрсетіле береді. Мысалы, Ақтау әскери гарнизоны жуырда ғана заманауи симуляторлық жаттығу макеттерімен толықты. Бұған дейін 40 тонналық әскери көлікті басқаруды үйрену үшін бұрын шынайы танк пен 15-ке жуық маман қажет болатын. Енді оған жұмсалатын уақыт үнемделеді. Әрі жанармай мен оқ-дәрі шығыны болмайды.

Нұржігіт Елдесбаев, теңіз жаяу әскері бригадасының нұсқаушысы:
-Механик жүргізушілер жеке дайындап, жеке сабақтар өтіп, нағыз танкіші болу үшін 2 ай уақыт керек. Бірінші 2 апта теориялық дайындық өтеді. Одан кейін осы тренажерға келіп, мерзімді қызметшілер күніне 4-5 мәрте жүргізіп дайындаймыз.

Қандай рейтінг болса да, бастысы шын мәніде ел әскерінің қуаттылығы.

Армияны қазіргі заманға бейімдеп, ұтқырлығын арттыру үшін 2022 жылы әскери доктринанаға 70-ке жуық өзгеріс пен толықтыру енгізілген болатын. Құжатта әскери міндеттер анықталды. Қазіргі армия сол жоспар аясында дамуда.

Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Қайрат Ақтөрейев