Хабар телеарнасы

Семейдің символына айналған аспалы көпірдің салынғанына 23 жыл толды

Дәл осындай көлік өткелі ТМД мемлекеттерінде жоқ. Америка, Оңтүстік Корея және Түркияда ғана бар. Көпір көлемі жөнінен әлемде 17-орынды иеленеді. Стратегиялық нысанның тағы қандай ерекшеліктері бар?

Семейліктер әлі күнге дейін жаңа көпір деп атайтын нысанның құрылысы ел экономикасы әлі еңсе тіктей қоймаған 1998 жылы басталған. 42 айда салынып бітуі тиіс өткел мерзімінен бұрын аяқталып, 2000 жылдың 17 қазанында пайдалануға берілген.

Ғасыр тоғысында Ертістің үстінен көпір салу дирекциясын басқарған Тұрархан Тәттібековтың айтуынша, көлік өткеліне халықаралық тендер жарияланған. Оған Жапония, Германия, Белгия, Дания мен Ресейдің 6 компаниясы қатысқан екен. Жапония Семейге ядролық сынақтан зардап шеккен аймақ ретінде көпірді салуға 165 миллион доллар бөлген. Стратегиялық нысанды тұрғызуға елімізден 30-ға жуық мекеме қызметкері атсалысты. Құрылыс қызған кезде 5 мың адамға дейін жұмыс істеген. Көпірдің бірден бір ерекшелігі жол бетіне сонау Кариб бассейніндегі Тринидад көлінен арнайы тапсырыспен әкелінген табиғи асфальт төселген.

Тұрархан Тәттібеков, Ертіс үстінен көпір салу дирекциясының алғашқы директоры:
-Құрылыс басталмай тұрып аумақты тазалау керек болды. Біз 726 үйді сүріп, 30-ға жуық көпқабатты үй салдық. Кезінде «осы көпір керек пе, жоқ па?» деген де әңгімелер болған. Қазір бұл өткелсіз Семей қаласын елестету мүмкін емес. Нысан Стамбулдағы Сұлтан Ахмет көпірінің прототипі. Тек көлемінде ғана өзгешелік бар.

Алты жолақты көпірдің жалпы ұзындығы – 1086 метр. Ені – 35, биіктігі – 90 метр. Пайдалану кепілдігі – 200 жыл. Көпір арқылы күніне 70-80 мыңнан астам көлік жүйткіп өтеді. Нысанды арнайы тамашалауға келетін адамдар легі де аз емес.

Көпірдің асфальт төсеміне жыл сайын ағымдағы жөндеу жүргізіледі. Қазір нысанға күрделі жөндеу жасау үшін жобалық сметалық құжат әзірленіп жатыр.

Нұржан Ескендіров, облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:
-Бұл жобада жапондық мамандармен бірлесіп өзіміздің жобалаушылар бірге жұмыс жасасып жатыр. Бұл жұмыстар аяқталғаннан кейін құрылыс монтаж жұмыстарына конкурстық рәсімдер болады. Мұны келесі жылы жоспарлап отырмыз.

Аспалы көпірді жаңғырту Абай облысын дамытудың кешенді жоспарына енген. Мамандардың есебінше, бұған 5 миллиард теңге қаржы қажет.

Авторлары: Азамат Қасым, Медет Өмірханов