Хабар телеарнасы

Астана процесі: Сирия бойынша ең соңғы кездесу өтті

Астана процесі шеңберінде Сириядағы ахуалға байланысты өткен халықаралық кездесу нәтижелі аяқталды. Бұл туралы Сыртқы істер министрінің орынбасары Қанат Тумыш мәлімдеді. Айтуынша, Сирияға байланысты бұл кездесу ел аумағында өткізілген соңғы іс-шара. Өйткені алғашқыда көзделген мақсаттар толық орындалған. Мәселен, Сирия қазір Араб мемлекеттерінің лигасына оралды. Енді Түркиямен қарым-қатынастары реттеледі. Бұдан бөлек соғыс аймағындағы қантөгісті тоқтату және адам шығынын азайту сияқты мәселелер шешіле бастаған. Қазір ол елде конституциялық түзету жұмыстары басталған. «Алда атқаратын жұмыс көп», - дейді халықаралық делегация өкілдері. Сондықтан Астана форматындағы халықаралық кездесу жалғасын табуы мүмкін. Тек өтетін орны өзгереді.

Қанат Тумыш, Сыртқы істер министрінің орынбасары: 
- Біз барлық қатысушылардың жақсы ниеттері мен бітімгершілік күш-жігерлерін жұмылдыру арқылы осы асыл миссия мәлімделген жоғары мақсаттарға қол жеткізеді деп сенеміз. Бүгінгі таңда Сирия төңірегіндегі ахуал түбегейлі өзгеруде.