Хабар телеарнасы

БҚО-дағы жолды су шайып кетті

Облыстың солтүстік-шығысы мен Орал қаласында тасқын қаупі сейілгенімен, төменгі жақта Жайық енді тасып жатыр.

Жайылған су Барбастау-Ақжайық-Индер жолының 115 шақырымын жырып кетті. Облыстық автомобиль жолдары басқармасы жолдың Көнеккеткен және Қамыстыкөл ауылдарының арасындағы бұзылған бөлігіне кезекшілік қойғандарын айтады. Қазір автокөліктер далалық жолмен айналып өтіп жатқан көрінеді. Сондай-ақ тасыған су қаладан 95 шақырым жердегі Ақсоғым ауылына кіреберіс жолды да шайып кеткен.

Бекжан Тоғжанов, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы:
- Сонымен қатар Ақсоғым ауылына кіреберіс жолды Жайық көтерілуіне байланысты жырып кетті. Ол жерге қазір көлік қатынасы жоқ. Дәрі-дәрмек және азық-түліктерді қайықтармен жеткізіп жатыр халыққа. Ол жерді су тоқтағаннан кейін қалпына келтіреді.

Орал қаласында су тасқынынан зардап шеккендерді мобильді қабылдау бекеттері жұмыс істеп жатыр. Құрамында Әділет департаменті мен әкімдіктің өкілдері бар. Мамандар 10 күнде 700-ден астам азаматты қабылдаған. Тұрғындарға бір реттік көмекті алу тәртібінен бастап, несиені шегеру, келген шығынды өтеу, үй-жайды қалпына келтіруге дейінгі сұрақтар бойынша кеңес берілген.

Айта кетейік, облыс орталығында 14 мың 500 саяжай телімін су басқан. Күні бүгін 14 эвакуациялық бекетте 2 мыңдай адам бар.

Роллан Жалғасбаев, қала тұрғыны:
- Үй інімнің атында, басқа үйі жоқ, оның басқа баратын жері жоқ. Пәтерде тұрып жатыр. Бірақ ата-анам солардың қолында тұрғандықтан, ауылдан көшіп келгендіктен, ауылдағы үйі бұрынғы шыққан жоқ. Сол кедергі бола ма? Комиссияның шешімімен қаралады деп жатыр, күтеміз енді.

Алмас Оңаев, Орал қаласы прокурорының орынбасары:  
- Қазіргі таңда жалпы Үкіметтің тиісті қаулыларына тез арада өзгеріс енгізуде. Соның бәрі ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде жариялануда. Соны тұрғындарға дұрыс түсіндірудеміз.