Хабар телеарнасы

Елордада Сирия мәселесі бойынша Астана процесінің кезекті жиыны өтті

Оған Сирия үкіметі мен оппозиция өкілдері және жағдайдың тұрақталуына мүдделі Ресей, Түркия, Иран елінің жауапты тұлғалары қатысты. Оның сыртында бақылаушы мемелекеттер мен ұйымдар да бар. Жиында  Сириядағы гуманитарлық ахуал және елді қалпына келтіру мәселелері талқыланды. 

Ердәулет Ыбырайұлы, тілші: 
- Сирия мәселесі бойынша Астана процесінің соңғы отырысы былтыр маусым айында болды. Өткен 8 айда келіссөзді жалғастыруды қажет ететін жаңа мәселелер туындады.

Шам еліндегі ахуал әлі әлемдік күн тәртібіндегі сұрақ деңгейінен түскен жоқ. Соданда болар жиынға Иордания, Ирак, Ливан мемлекеті, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Халықаралық Қызыл Крест комитетінің өкілдері бақылаушы ретінде қатысты.

Сирияда жарылыс пен шабуылдар түгел тоқтады деуге келмейді. Бірақ жойқын қақтығыстар болып жатқан жоқ. Қантөгісті азайтуға Астанада бұған дейін өткен келіссөздер өз үлесін тигізді. Сириядағы дағдарысты саяси жолмен реттеу керектігін бәрі мақұлдауда.

Ақмарал Баталова, Таяу Шығыс елдері бойынша сарапшы: 
- Сирияда түрлі топтар оларға әртүрлі пиғылда көмек көрсеткендер болды. Барлық тарап оны енді түсініп, өзінің мүддесін, көзқарасын өзгертуде. Демек Сирия қайта қалпына келу процесінің алдында тұр деуге болады. Ол үшін ең әуелі әлеуметтік меселелерді шешу қажет. Халық медициналық көмекке мұқтаж. Дәрі-дәрмек, мамандар жеткіліксіз. Сәбилерге арналған арнайы тамақтар жоқ.

Тамақ үлкендерге де жетпей тұр. Әлем болып бұған қатты алаңдаулы. Халықтың шамамен 40% аштықпен күресуде. Ахуалды түзету үшін гуманитарлық көмекті ұйымдастыру мәселесі жеке қаралыпты. Бұл бойынша халықаралық қауымдастыққа өз өтініштерін де жеткізді. «Сирияға және оның халқына ешқандай алғышартсыз қаржылай қолдау көрсетілсе», - дейді.

Бассам Саббаг, Сирия Сыртқы істер министрінің орынбасары: 
- Солтүстік өңірге көмек жеткізу, босқындарды елге қайтару - Сирия билігінің бүгіндегі басты мақсатының бірі. БҰҰ желісі бойынша көрсетіліп жатқан қолдау халқымызға рух беруде. Қазір ел аумағында өзге мемлекеттің күштері жүр. Мәселен, Түркия бар. Одан бөлек АҚШ әскери базасы солтүстікте заңсыз орналасып отыр. Олар елден кетуі керек. Сирия ашық келіссөзге дайын.

Ахмед Тома, Сириядағы қарулы оппозицияның басшысы: 
- Сирияда бейбітшілік орнауы үшін барлық топпен қол алысуға дайынбыз. Сол үшін келіссөздер жүргізудеміз. Деседе кей аймақтарда шабуылдар, бомбалу әрекеттері тоқтамай тұр. Жеке бізде елді бөліп алып билеу деген ниет жоқ. Сирия демократиялық мелекет, халқы еркін азамат болсын дейміз. Сирия біртұтас ел болғанын қалаймыз.

Сирия дағдарысының басталғанына 12 жыл болды. Осы аралықта елдің инфрақұрылымы жол, су жүйелері қирады. Егіншілікпен айналысу үшін техника жеткіліксіз. Қымбатшылық белең алып барады. Қақтығыстар болған кей аймақтар әлі күнге мина мен бомбалардан тазартылмаған. Көрші елдер мен Еуропаға Сириялық босқындардың кезекті толқыны ағыла ма деген қауіп бар. Есірткі тасымалдаушылар мен лаңкестік топтар да ел аумағанды қайта белсенді бола бастаған. Бұл жолы тараптар осы ахуалды реттеу өзара іс-қимылды үйлестіру бойынша бірлескен мәлімдеме жасады.

Ердәулет Ыбырайұлы