Хабар телеарнасы

Елордадағы Еуразия ұлттық университетінде республикалық жастар айтысы өтті

Айтысқа бес жұп қатысты. Өңірлерден 50 ақыннан өтініш келіп түскен. Солардан іріктелген 10 айтыскер бүгін бақтарын сынады. Қатысушылардың барлығы – студенттер.

Бергембек Азатбек, айтыскер /Көкшетау қаласы/:

- Алғашқы айтысымыз емес, бірақ республикалық деңгейдегі айтысты сағынып қалдық. Айтысты ұйымдастырушыларға көптен-көп алғыс білдіреміз. Қазақтың тойы бітпесін! Карантин болды, халықты, айтысты сағынып қалған жайымыз бар.

Айтыс әуелде тек қалалық деңгейде өткізілген, соңғы жылдары өңірлердегі өнер иелерінің қолқа салуымен республикалық дәрежеде ұйымдастырылуда. Бұл жолғы шара Нұр-Сұлтан қаласының жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен егемендігіміздің 30 жылдығына арналып отыр. Мақсат – отансүйгіштікке тәрбиелеп, ұлттық сана-сезімді насихаттау.

Ақұлан Тастемір, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының бөлім басшысы:

- Шараның мақсаты – қазақтың дәстүрін, мәдениетін көпшілікке таныстыру, қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту, жастарды мәдени жағынан қолдау. Бұл жерде негізгі тақырып – Қазақстан Республикасының 30 жылда жеткен жетістігі, мемлекеттік жастар саясаты саласында атқарылып жатқан жобалар, елдің халықаралық аренадағы алып жатқан асулары.

Іс-шараға қазақ ақыны, публицист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері  Жүрсін Ерман, өзге де зиялы қауым өкілдері қатысты. Айтыс қорытындысы бойынша 1-орынға 300 мың теңге, 2-орын алған екі адамға 200 мыңнан, 3-орынды місе тұтқан 3 айтыскер 100 мың теңгеден алды. Тағы төрт үздік ақынға 50 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық табысталды.

Авторы: Индира Жылқайдарова