Хабар телеарнасы

Алматыда ҚазҰПУ ғимаратының бір бөлігі мемлекетке қайтарылды

Алматылық прокурорлар Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті ғимаратының бір бөлігін қайтарды. Оқу орнына тиесілі мүліктің кезінде иеліктен заңсыз шығарылғанын Медеу аудандық прокуратурасы анықтаған.

1997 жылы Жекешелендiру жөнiндегi аумақтық комитет, оқу ғимаратының бiр бөлiгiн 196 000 теңгеге заңсыз сатып жіберген. Сол жылы 62 000 теңгеге 26 сотық жер телімі де заңсыз сатылған. Университет ғимараты республикалық маңызы бар тарихи және мәдениет ескерткіштеріне жатады, ал сатылып кеткен жер телімінде қаланың ең ескі сәулет құрылыстарының бірі – «Ескі қақпа» орналасқан.

Нұрсұлтан Жиделбай, қалалық прокуратураның ресми өкілі:
- Медеу ауданының прокуратурасы жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату мәмілелерінің күшін жою туралы сотқа шағым түсірді. Сот шешімімен қадағалау органының талап арызы қанағаттандырылып, мүлік қайтарылды. Шешім заңды күшіне енді.