Хабар телеарнасы

Қарағанды облысының ауыл азаматтары суға бөгет қойып үлгерді

Жұмыла көтерген жүк жеңіл... Азаматтарының бірлігінің арқасында өз күшімен топан суға тосқауыл қоя білген ауылдар бар. Үлкен-кіші демей бірі қап тасып, бірі жыраларды жауып, жабыла әрекет етуде. Бірқатары ауылға қауіп төнген сын сағатта, суға бөгет қойып үлгерген. 

Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданындағы Чкалов пен Садовое ауылдары 5 күн бойы қарғын су қоршауында қалған. Қазір жағдай тұрақталды. Ауыл тұрғындары құтқару жұмыстарына жаппай жәрдем берді. Нәтижесінде, бір де бір үйге су кірген жоқ.

Айжан Оспанова, Чкалов ауылының тұрғыны:
-Ауылдың баласы да, жасы да, үлкендері де , еркек, әйел деп қараған жоқ барлығы жұмылды. Жаңағы келген азаматтармен бірлесіп, ұжымдасып ауылды судан аман алып қалды.

Нұра өзені арнасын бекіту үшін 17 мыңнан астам құм толы қапшық қойылған. Тасқын қатты болған, су бөгеттің ернеуіне 20 сантиметр жетпей қалған. Егер алдын алу шаралары ерте жүргізілмегенде екі ауылды да су басуы мүмкін еді.

Жасұлан Көшек, Самарқанд ауылдық округінің әкімі
-Су тасқынына қарсы шаралар 2023 жылы күз айында басталды. Біз ауыл сыртындағы қорғаныс бекетін жөндедік. 2024 жылдың ақпанында осы Чкалов ауылынан 4 мың кубтай қар шығарылды.

Ал Қарағанды облысындағы Талды ауылы 3 күн мен түнді арпалыспен өткізді. Әкімдіктегілермен бірге халық та тонналаған инертті материалдар мен құм толы қаптарды тасып, суға бөгет қойды.

Апаттың алдын алу үшін өткен күзден қамданған екен. Арналар қазылып, бөгеттер салынған. Ауылды су шайып кетуі әбден мүмкін еді. Әскерилер мен арнайы техниканың күшімен ауылдағы мал-жан түгел аман қалды.

Нұрлан Абжанов, Талды ауылының әкімі:
-Қай жерде жыра пайда болды, қай жерді су бұзып шықты сол жерге бірден жасақ жібердік ауылдың жастарын. Техникамен сарбаздар жетпеген кезде, біздің жағдайымыз мүшкіл болатын еді. Өте қатты қиналдық. Жұмылғанның арқасында қарғын судан аман қалдық.

Тайсойған – Ойыл алабындағы Жарыпшыққан өзені бойында орналасқан жалғыз ауыл. Күзде ұзындығы 2,5 шақырым, биіктігі 3 метр бөгет салынып, арна қазылған. Мұның өзі аздық етті. Су арнасынан 150 см-ге көтерілді. Сондықтан қарғын су келгенде мектептегі оқушыға дейін еңбекке жарамдының бәрі қолына күрек ұстады.

Төреш Қозбақов, Тайсойған ауылының әкімі:
-Мына аудан орталықтарынан 50 ерікті қызметкер келіп көмектесті. Қаладан жастар келді. Олардың жағдайын жасауға мына ауылымыздағы қыз-келіншектер, аналарымыз ас-суларын дайындауда. Барлығы бір ауыздан жұмылып, көмектерін көрсетті.

Жұдырықтай жұмылған халық, ауылды аман сақтау үшін барын салып жатыр. Олар үлкен қауіпті еңсерді. Барлығы жүйелі жұмыс пен бірліктің арқасы.

Авторлары: Дана Әлиева, Руслан Нұрланұлы