Хабар телеарнасы

Алматының Нұр-Алатау ықшамауданында көлік қозғалысы қиындады

Алматының Нұр-Алатау ықшам ауданындағы тұрғындар нөсерден кейін жолдың жиегі опырылып, көлік қозғалысы қиындағанын айтып отыр. Әсіресе тау бөктеріндегі көшелер шұрық-тесік болып жатыр. Тіпті кейбір шұңқырларды жұрт өз күшімен жамап әуре.

Әлеуметтік желіде тараған мына видео Бостандық ауданындағы Кәкімбек Салықов көшесінде түсірілген. Нөсер жауыннан кейін опырылып қалған жолды жақын маңдағы мектеп ұжымы құммен толтырыпты. «Тау бөктеріндегі көше жылда жамалғанымен әр көктем сайын ойылып кетеді»,— дейді тұрғындар.

Латипа Мұратқызы, қала тұрғыны:
-Жол тесік, өте нашар және тар. Әсіресе таңертең және кешке балаларды мектепке алып келгенде балаларымыз кептелістен қиналып кетеді. Машинаның ішінде құсу жағдайлары өте көп болады. Көп кешігеміз сабақтан да, алыс жолдағылар тіпті ерте келеді. 

Ләззат Базарбек, қала тұрғыны:
-Үш жыл бойы бірнеше рет жасады. Бірақ бетін ғана жасай салады. Қайтадан осы хәлге түсіп қалады. Енді өтініш осы жолды жақсы етіп жасап беруді талап етеміз.

Ауданда Кәкімбек Салықов көшесінен өзге Центральный, Жәңгір Хан көшелерінде де көлікпен жүру қиындаған. Тұрғындар жыл сайын аудан, қала әкімдігіне өтініш айтып келеді. Алайда жолдар күрделі жөндеу көрмей отыр. Аудан әкімдігі болса тозығы жеткен асфальтты ауыстыруға неге асықпай отырғанын былай түсіндірді.

Асыл Мұқанәлі, Бостандық ауданы әкімдігінің Жол және инженерлік инфрақұрылымы бөлімінің бас инспекторы:
-Ерменсай су станциясы салынады. Ол Алматы қаласы, Энергетика, сумен жабдықтау басқармасымен жасалынатын болады. Инженерлік желілер салынады. Осылардың бәрі біткеннен кейін Алматы қаласының мобильдік басқармасы толық капиталды жөндеу жұмыстарын жүргізетін болады.

«Бостандық ауданының тұрғындары жаңа жолды кем дегенде бір жыл күтуі керек. Оған дейін әкімдік өкілдері әдеттегідей шұңқырларды жамап қоямыз»,— дейді. Ауданда биыл 100 көшедегі 30 мың шаршы метр ойық жол жөнделеді екен.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Сержан Жұмабаев, Мұхит Құдықбаев