Хабар телеарнасы

Ұлттық ұланның құрылғанына 32 жыл

Ұлттық ұланның әскери қызметшілері үшін елеулі күн. Ішкі әскердің құрылғанына 32 жыл толды. Осы жылдар ішінде жеке құрам жан-жақты қалыптасып өзіне артылған міндетті толыққанды орындап келеді. Біздің түсірілім тобы Астанадағы бөлімшеде болып жауынгерлердің қызметімен танысып келді.

Бұл Ұлттық ұландағы кезекші топтың бірі. Негізі күнделікті осындай мыңнан астам жауынгер қаланың бес ауданында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тартылады. Елордада болатын ұсақ бұзақылықтан бастап, қарақшылық, ұрлау мен тонау тағы басқа қылмыстың ізін суытпай ашуда бұл құрылымның көмегі көп.

Мадияр Жаппаров, 3-ші батальонның штаб бастығы:
-Жыл мезгілдеріне байланысты қысқы уақытта 5-тен түнгі 11 дейін алты сағат қызмет атқарады. Ал жазғы уақытта кешкі алтыдан 12 дейін қызмет атқарады.

Келесі кейіпкеріміз - Бағдат Шорманов. Қызметі кезекшілікті ұйымдастыру және бұқаралық шараларға дайындықты пысықтау.

Бағдат Шоманов, Жауынгерлік қызмет бөлімшесі бастығының аға көмекшісі:
-Осы әскери бөлім 2010 жылы ОБСЕ, 2011 жылғы Азиада ойындарында, 2017 жылы ЭКСПО көрмесінде қызмет атқарды және де биыл күзде көшпенділер ойынының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Республикалық көлемде алатын болсақ Ұлттық ұланның қызметі мен құрылымы анағұрлым кең.

Анар Есламова, әскери музей қызметкері:
- 4 өңірлік қолбасшылық. Бүркіт арнайы мақсаттағы бөлімше. Авиация өзіміздің бөлімше құрылып жатыр қазіргі уақытта. Өзіміздің академиямыз.

Біз болған әскери бөлімнің былтырғы жұмыс қорытындысына тоқтала кетсек. 2023 жылы 7500 әкімшілік құқықбұзушыны анықтапты. Оның сыртында ұрлық жасаған 29 адамды, есірткі сатқан және қолданғаны үшін 34, ал алаяқтықпен айналысқан 12 күдіктіні ұстаған. Сондай-ақ суға батқан 3 адам құтқарылып, жоғалған және адасып қалған 20 бүлдіршінді тауып берген.

Жауынгерлер тіпті қыстың бүгінгідей қолайсыз жағдайында да өз қызметін атқаруға дайын. Елімізде осы ішкі әскер қызметінің құрылғанына 10 қаңтар күні тура 32 жыл толды. Осы салтанатты шеру сол мерейтойдың құрметіне орай өткізілуде.

Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Болатбек Табалдиев