Хабар телеарнасы

800 мыңға жуық бала қауіпті ауруларға қарсы екпе алмаған – ДСМ

Үкіметтің осы жылғы алғашқы отырысында елдегі санитариялық-эпидемиологиялық ахуал қаралды.

Қызылша ауруының таралуы әлі де тоқтамай тұр. Соңғы бір апта көлемінде аталмыш дерт 1700 жуық адамнан анықталған. Сырқаттанушылық тек үш өңірде ғана төмендепті. 

Ердәулет Ыбырайұлы, шолушы: 
- Қызылша – араға уақыт салып өршіп тұратын ауру. Денсаулық сақтау министрі бүгінгі баяндамасын осылай бастады. Айтуынша бұл дерт елімізде 2005, 2015 және 2019 жылдары жаппай тараған. Араға төрт жыл салып тағы да күшіне еніпті. Қызылшаның таралуы бойынша тіпті антирекорд орнаттық.

2023 жылы 29 мың жағдай тіркелді. Оның 80% – 14 жасқа дейінгі балалар. Астана және Шығыс Қазақстан облысында екі сәби осы дерттен шетінеді. Жаңа жылдың басталғаны осы ғана 1674 науқас анықталған.

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі: 
- Бүгінгі таңда қосымша вакцинациялау шеңберінде 930 мыңнан астам адам егілді, барлық жоспардан 62% қамтылды, күн сайын 20 мыңнан астам адам егілуде. Қазіргі уақытта еліміздің көптеген өңірлерінде қосымша иммундаудың оң динамикасы байқалады. Мысалы, Жетісу, Қызылорда, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласында тиісті контингенттің 70% астамы қосымша вакцинациямен қамтылды.

Вакцина басқа өңірлерде де жеткілікті. Бірақ екпе жасау көрсеткіші төмен. Мәселен, Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан облыстары мен Астанада жоспарланған вакцинация 55% орындалыпты. 

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі: 
- Өткен жылдан бері елімізде қызылшамен ауырғандар саны айтарлықтай өсіп кетті. Ауырғандардың көпшілігі – тиісті екпе алмағандар. Өкінішке орай ата-аналардың арасында баларына екпені әдейі салғызбай бас тартып отырғандардың қатары аз емес. Мұның соңы ауыр зардаптарға алып келуі мүмкін.

Қызылша – жұқпалы ауру. Бірақ вакцинамен басқаруға, яғни алдын алуға болатын дерт. Мемлекет тарапынан тиісті екпе алынып, ол осы күнге дейін бір млн жуық адамға салыныпты. Мамандардың болжауынша ахуал тұрақты болуы үшін тағы 800 мың адам екпе жасатуы қажет. 

Ажар Ғиният, Денсаулық сақтау министрі: 
- Барлық егу бригадаларына вакцинаны тасымалдайтын, сақтайтын терме контейнерлермен толық қамтамасыз етілді. Қазіргі кезде қалаға қарағанда ауылдық жерлерде қосымша егу шаралары өте қарқынды жүріп жатыр. Кейбір өңірдің аудандары осы егуді толық бітіріп те қалды.

Айжан Есмағамбетова, ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері: 
- Біз қызылшаға қарсы Үндістанның вакцинасын қолданамыз. Оны қабылдағаннан кейін де ауруға шалдығушылар бар. Бірақ олардың саны өте аз. Осыны ескерсек, бұл екпе тиімді жұмыс істеп жатыр деген сөз. 

Ердәулет Ыбырайұлы, шолушы: 
- Мамандар: «жағдайды тұрақтандырудың жалғыз жолы – иммунизациялау», - дейді. Сол үшін жаңа ғана айтқан үндістандық екпенің 1,5 млн дозасы алыпты.

Айта кетейік, вакцинаның дәл осы түрін әлемнің бізден басқа тағы 70 елі қолданады екен.