Хабар телеарнасы

Ұлытау облысында мектепті жөндеу жұмыстары қашан аяқталады?

Былтыр Жезқазғандағы №7 мектеп-лицей оқушылары жөндеу жұмыстарына байланысты оқу жылын өзге мектептерде бастаған еді. Дәл осы білім ордасында биыл тағы күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Мердіге білім күніне дейін толық аяқтаймыз деп уәде беріп отыр. Дегенмен өткен жылғы жағдайдан сабақ алған білім басқармасы бақылауды күшейткен. 

Академик Қаныш Сәтбаев атындағы мектеп-лицейін жөндеу жұмыстары осымен екінші жылға созылып барады. Былтыр бір қабаты мен жылу электр желілері жаңартылған. Мердігерлер жөндеу жұмыстарын уақытында аяқтай алмағандықтан, оқушылар 2 апта өзге мектептерге қатынап оқыды. Енді биыл қалған екі қабаты жаңартылып жатыр. Жауаптылар былтырғы жағдай қайталанбас деп үміттенеді.

Маратбек Төребеков, облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы: 
- Үлгереді деп ойлаймыз. Жұмыс қарқынына қарағанда үлгеретін түрлері бар. Былтырғы жылдан сабақ алып, оны біз бақылауда ұстап отырмыз. Енді үлгермей жатса, онда осы мектепке жақын мектептерге балаларды бөліп оқытатын боламыз.

Бүгінге дейін жөндеу жұмыстары небәрі 60% орындалған. Есіктері қойылмаған, әрлеу жұмыстары да толық аяқталған жоқ. Одан бөлек мектептің ауласын абаттандыру және сыртқы қоршауларын орнату жұмыстары бар. Дегенмен мердігер ұйым: «барлық жұмысты мерзімінде аяқтаймыз»,- дейді.

Асыл Жұмабаев, мердігер компания өкілі: 
-Ішкі жұмыстарды 20 тамызда берсек деген жоспарымыз бар. Сыртқы жұмыс 100% 25 тамызда бітеді. 1 қыркүйекке дейін Құдай қаласа обьектіні тапсырамыз.

Бұдан бөлек Қаражал қаласында бір мектеп күрделі жөндеуден өтуде. Ондағы жұмыстардың тек 40% орындалған. Жалпы биыл облыс бойынша 47 білім беру ұйымында күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оған жергілікті қазынадан 1,8 млрд теңге қаржы бөлінген. Әзірге жөндеу жұмыстары 10 мектепте аяқталған.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев