Хабар телеарнасы

СҚО-да тарихи орын пайда болды

Шал ақын ауданында Байқара қорымы қалпына келтірілді. Ежелгі ескерткішті мұражайға айналдыру жобасына республикалық бюджеттен 55 млн теңге бөлінді. Оған скиф,сақ тайпаларының ғибадатханасы салынып, құнды жәдігерлердің көшірмесі жасалды.

Байқара қорғаны — скиф–сақ дәуірінде салынған ғибадатхана. Тарихи деректерге сүйенсек, сол заманның адамдары келіп зиярат еткен қасиетті мекен болған. Ал бірнеше ғасырдан кейін бұл жерге сарматтар қоныстанып, өздерінің жауынгерлерін жерлеген.

Ежелгі ескерткішті қазақ материалдық мәдениеті ғылыми-зерттеу және жобалау институты қалпына келтірді. Олар ғибадатхананы сол заманға сайма-сай етіп жасаған.

Ринат Құтдұсов, қазақ материалдық мәдениеті ғылыми - зерттеу және жобалау институтының директоры:
-Біз барынша түпнұсқалық материалдарды қолдануға тырыстық. Ағаш, топырақ – бәрі табиғи. Сонымен қатар нысанның бүлініп бұзылмауы үшін гидрооқшаулағыш заттар пайдаландық. Келушілерге ыңғалы жағдай жасалған.

Байқара ғибадатханасын ең алғаш болып 1956 жылы Кемел Ақышевтің экспедициясы ашқан. Ал Тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ–неміс археологтары зерттеді. Бұл біздің заманымыздан бұрын V – IV ғасырға жататын скиф–сақ дәуірінің мәдениеті.

Жанат Баймүсенов, тарихи - мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы директорының орынбасары:
-Бұдан басқа РФ осы біздің Байқара ғибадатханасына ұқсас қорғандар табылған. Осы қорғандар мен біздің ғибадатханамыз скиф–сақ тайпаларының және сармат тайпаларының тұрған жерлерін көрсетеді және олардың көшпенділер болып жүргенін көрсетеді.

Киелі қорған жастардың да ынтасын оятты. Мысалы, Аяжан Нұржан ұстазымен бірге «Байқара – бабалар мұрасы» атты ғылыми жобасын жазып шықты. 10–сынып оқушысы енді тарихи орынның туристік орталыққа айналуын армандайды.

Аяжан Нұржан, Кәкімбек Салықов атындағы орта мектебінің оқушысы
-Негізі бұл жерге тарихи туристік орын жасаған кезде жолдар салу, тас жол салу, осы жерде атпен жүру секілді асық ойнау ойындарын, қыш құмыралар жасау секілді ойындарды орналастырса, Есілге шығатын жол қойса, өте ғажап болушы еді.

Байқара қорғанынан 200–ге жуық артефакт табылды. Қазір олардың көшірмесі ғибадатхана ішіне қойылды. Енді оның есігі бәріне ашық. Тарихи орын Шал ақын ауданының орталығы маңында орналасқан.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков