Хабар телеарнасы

Еленбеген еңбек: вирустан қайтыс болған науқастардың мәйітін тасыған жүргізушілер өтемақы ала алмай жүр

Олар: «Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы жергілікті жерде орындалмай отыр», – деп шағымдануда.

Талай есік тоздырған көлік жүргізушілері мәселе шешілмеген соң, сотқа шағымданған. Ал облыстық денсаулық сақтау департаментінің өкілдері мәселені аурухана басшылығына сілтеп отыр. Үстемеақы алуға тиісті адамдардың тізімін солар жасақтайды екен.

Сергей Шаврин – №1 қалалық аурухананың жүргізушісі. Былтыр коронавируспен күресте өз өмірін қатерге тігіп, дәрігерлермен бірге иық тіресіп, инфекциялық стационарда еңбек еткен. Бірақ ол үшін үстемақы әлі алмаған. Өйткені медициналық ұйым онымен арнайы келсімшарт жасамапты.

Сергей Шаврин, №1 қалалық аурухананың жүргізушісі:

- Пандемия басталғанда аурухана басшылығы: «Үстемақы төленеді, құжаттарды рәсімдейміз», – деп кұрғақ уәдемен сендіріп келді. Міне, 9 айға жуық уақыт өтті. Ешқандай келісімшарт жоқ. Салдарынан ақшамыздан қағылып отырмыз. Қазір маған шашамен екі миллион теңгедей берешек.

Сергейден бөлек аталған ауруханада тағы сегіз жүргізушінің еңбегі еленбей қалды. Салдарынан көбі басқа жұмысқа ауысқан.

Владимир Малышев, Петропавл қаласының тұрғыны:

- Науқастарды күнде компьютерлік томографияға апаратынбыз. Қайтыс болғандарды мәйітханаға жеткізіп отырдық. Одан қалды дәрігерлерді тасыдық. Мен үстемақымды сол күйі алмай, зейнетке шықтым. Бірнеше азамат өз еркімен жұмыстан кетіп қалды.

Тоғыз ай бұрын аурухана басшылығы ауысқан. Сондықтан мұндағылар аталған жағдайға байланысты нақты түсініктеме бере алмады.

Артем Колесник, №1 қалалық ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы:

- Мен шілде айында келдім. Ол кезде қандай жағдай болғанын білмеймін. Сондықтан мән-жайды бұрынғы басшылықтан сұрағандырыңыз абзал.

Ал аурухананың бұрынғы бас дәрігері былтыр пандемия кезінде алғы шепте жүріп, еңбек еткені үшін «Парасат» медалімен марапатталды. Ал биыл сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің мамандары дәл осы медициналық мекеменің бес қызметкері заңсыз үстемақы алып келгендігін анықтаған. Енді жалақы дауы сотта қаралмақшы. Себебі жүргізушілер бірнеше құзырлы органға шағым түсірген.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев