Хабар телеарнасы

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты тиімді басқару мәселесі қалай шешілмек?

Бұған тұрғындар өз ісіне салғырт қараған пәтер иелері кооперативтерін кінәлап отыр. Ал оның орнына құрылған мүлік иелерінің бірлестігі бұл мәселені қалай реттеп жатыр?

Пәтер иелерінің кооперативі. Оның негізгі міндеті үйдің маңайын тазалаудан бастап жертөледегі тораптарды күтіп ұстау, үйді қысқа дайындау сияқты қызметтерді қамтиды. Ақшасын тұрақты алса да, бұл жұмыстар барлық көпқабатты үйде орындала бермейді. ПИК-тен бас тарту мәселесінің көтерілуі де осыдан.

2015 жылы ғана пайдалануға берілген үй осы қысты жылусыз қарсы ала жаздады. ПИК өз қызметін дұрыс атқармағандықтан, тұғындар мүлік иелерінің бірлестігін құрған.

Мира Сәлімжанова, Мүлік иелері бірлестігінің өкілі:

-84 пәтер бар. Ақша жинауға келгенде, бәрі төлемейді. Өйткені пәтердің бірқатары жалға беріледі. Олардан сұрасаң, үй иесіне меңзейді. Иесі өз кезегінде тағы бір сылтау айтып ұстатпайды.

5-6 жыл бұрын пайдалануға берілген бұл үйдің қабырға сылағы бүгінде тоза бастаған. Енді мынаны қараңыз.

Ердәулет Ыбырайұлы, тілші:

-Жаңа жеделсаты, сырлаған қабырға, жылтыраған ақпараттық тақтайша, тіпті кілем төселіп, хат салатын арнайы жәшік те орнатылған. Қалай ойлайсыз бұл қай жылғы үй? 1985 жылы салынған.

Осының бәрі соңғы уақытта жасалған. Бұл жердегі тұрғындар ПИК-тің құрамына қабылданып, оның басшылығына нақты талап қойған. Міне, содан ескі үйдің өңі кірген.

Гүлнәр Әмренова, «ПИК» басқарма мүшесі:

-Үй – тұрғындарға ортақ мүлік. Біз мұның бәріне қажет кезінде қосымша қаражат жинап, қол жеткіздік. Қазір бәрі өзімізге жайлы, пәтерімізді сатсақ, қымбатқа өткізуге мүмкіндік туды.

Осы үйдің келесі подъезінде мүлдем басқа көрініс. Қабырғаның тозғаны өз алдына, жарықтың өзі көмескі.

Масура Бұғыбаева, тұрғын:

-Оншақты үйге бір пәтер иесінің кооперативі қызмет көрсетеді. Жиналған қаражаттың есебін ала алмайсың. Не болмаса, бір үйді ғана жөндейді. Неге менің ақшам басқа ғимаратқа жаратылуы керек? Өз ақшамның тек менің үйіме ғана жұмсалғанын қалаймын. Өзгеріс қажет.

Мира Сәлімжанова, Мүлік иелері бірлестігінің өкілі:

-Мүлік иелерінің бірлестігі жаңадан құрылған кезде табысты істеп кетуі қиын сияқты. Ай сайын жиналған 150 мың теңгеге подъезді тазалау, электр қызметі, жылуды бақылау сияқты шаруаларды атқаруымыз керек. Аз қаражатты қайда бөлеміз? Қосымша қолдау керек.

Нұрбек Серіков, «ТКШ дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары:

-Ұйымдастыру сұрақтары бойынша бізге сұрақтар.кз телеграмм боты арқылы хабарласа аласыздар. Сондай-ақ Еуразия ұлттық университетімен мүлік иелерінің бірлестігіне жетекшілік ететін тұлғаларға, жалпы ерікті тұрғындарға арнайы курс ұйымдастырылған.

Қазақстан бойынша алатын болсақ, 315 мың көппәтерлі үй бар екен. Оларда неше пәтер иелерінің кооперативі барын нақты айту қиын. Жаңа өзгеріске сай жаңа басқару нысаны ретінде 1132  мүлік иелерінің бірлестігі құрылыпты.

Жоспар бойынша қалған көппәтерлі үйлер 2022 жылдың жазына дейін үйді басқарудың жаңа тәсіліне ауысуы тиіс.

Авторлар: Ердәулет Ыбырайұлы, Аян Сәрсенбаев