Хабар телеарнасы

Мамандар: вакцина – коронавируспен күресудің сенімді тәсілі

Аймақтардың барлығына вакцинаның алғашқы легі жетіп, қазір медициналық мекемелерде қызу қарбалас. 

Еркебұлан Смадияров, тілші:

-Жаппай вакциналау науқанында санитар мамандар мен дәрігерлер бірлесе жұмыс істеп жатыр. Олар бұған дейін арнайы оқытылып, кәсіби шеберлігін арттырған еді. Медициналық мекемелердің техникалық мүмкіндіктері де назарға алынған. Аймақтардан келіп түскен ақпаратқа сүйенсек, барлық өңірге вакцинаның алғашқы легі жеткізілді.

Облыстар бойынша ең көп вакцина Қарағанды өңіріне тиесілі болды. Мұнда 1750 адамға екпе салынады. Алматы облысына 1450 доза жетті. Ақмола мен Түркістан облыстарына 1300-ден берілді. Өзге өңірлерге вакцина 1000-1200 данадан барған. Алдағы уақытта екінші легі тиеліп, аймақтарға тағы тасымалданады.

Медициналық мекемелерде арнайы екпеге арналған кабинеттер жасақталды. Мысалы, Батыс Қазақстан облысында осындай 26 орын бар. Вакцинаны алғаш болып ақ желеңділер салдырып жатыр. Сонымен қатар облыстың Бас санитар дәрігері де егілді. 

Мұхамғали Арыспаев, БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:

-Осы карантиннен құтылу үшін адамдардың бәрі жаппай егілуі керек. Егер де 60-70 процент біздің облыс халқы егілсе, онда карантин болмайды деп есептейміз.

Меңдіғаным Ахмедиярова, мейірбике:

-Өзімнің еркіммен салдырып жатырмын. Ешқандай қорқыныш болған жоқ. Кәдімгі екпе алып жатқаным.

Өзге де кейбір аймақтарда жергілікті билік өкілдері мен денсаулық сақтау ұйымының басшылары вакцина салдырып, тұрғындарды дертпен күресуге шақырды.

Атырауда жаппай вакциналау жұмыстарын жүргізуге меценаттар қаржылай көмек көрсетті. Мұнайлы өңірде кәсіпкерлер екпені сақтауға арналған 700 литрлік мұздатқыш сыйлады. Ал жеке медициналық мекемелер жабдықтарды өз қаражаты есебінен сатып алып жатыр. Екпе салмас бұрын дәрігерлер әрбір адамды медициналық тексерістен өткізеді. Егер дәрі-дәрмекке қарсы аллергиясы болмаса ғана, олар вакциналау кабинетіне жіберіледі.

Марат Пашимов, Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

-Вакцина салды, ешқандай шағым жоқ. Давления, дене қызуы жоқ. Жағдай бірқалыпты. Менің өзім айтатыным, медицина қызметкерлеріне, облыс тұрғындарына вакцинадан бас тартпау керек. Бүкіл әлемде адамдар ауырмау үшін вакцина салу керек.

Жаппай вакциналау кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Алдағы уақытта дәрігерлер мен санитарлардан басқа санаттағы адамдар кезекпен егіледі. Шымкентте алғашқы жартыжылдықта 100 мың адамға  екпе салу жоспарланып отыр. Осы секілді өзге аймақтарда да нақты жоспар бекітілген.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

-Санитар мамандар бұл вакцина коронавирустың одан әрі таралуына жол бермейтініне сенімді. Осы арқылы қатерлі індеттің бетін қайтарып, қатаң локдауннан арылуға болатынын айтады.

Авторлар: Аймақтағы тілшілердің көмегімен Еркебұлан Смадияров, Руслан Ғазезов, Қанат Махмұтов