Хабар телеарнасы

Жолдау бала сүюді армандағандарға үміт сыйлады

Қазақстанда әрбір 6-отбасы бала сүйе алмай отыр. Олардың 30% жасанды ұрықтандыру қызметіне жүгінуге мәжбүр. Жыл сайын бұл медициналық қызмет түрін тегін алу үшін мемлекеттен мың квота бөлінетін.

Бұл ана болғысы келетін әйелдердің бәріне жете бермейді. Президенттің биылғы Жолдауында жасанды ұрықтандыруға квотаны жеті есе арттыруға пәрмен бергені талай отбасының үмітін оятты.

Перизат Мешітбаева он жылдан бері бала көтере алмай келеді. Осыған дейінгі ем нәтиже бермеген соң, ол жасанды ұрықтандыру жасатуға бел буыпты. Алайда ақылы қызметтің құны қымбат. Ал тегін жасату үшін квотаны төрт жыл күткен.

Перизат Мешітбаева, Алматы қаласының тұрғыны:

- Кезек өте көп. Өйткені квотаның берілетін саны мың ғана. Бәріне бірдей жетпейді. Енді «Аңсаған сәби» бағдарламасын естіп, қуанып жатырмыз. Он жыл бойы күттік. Кейбір отбасы ажырасып кетіп жатады. Бірақ осындай клиникалардың арқасында үміт зор.

Құны 1 млн теңгеден асатын бұл медициналық қызметті елімізде 2010 жылдан бері мемлекет есебінен тегін алуға мүмкіндік бар. Алғашқы жылдары жүз отбасы репродуктивті технологиялар арқылы нәрестелі болған. Квота саны жыл сайын өскенімен, сұраныс та азаймай отыр.

Тамара Жүсіпәлиева, Репродуктивті медицина институтының бас директоры:

- Әйелдер квотаға кезекке тұрады да, оны 3-4 жыл күтеді. Бұл уақытта бәрі кеш болуы мүмкін. Мәселен, 28 жаста тұрса, кезегі келгенде жасы 32-де болады. Өкінішке қарай, уақыт өткен сайын әйелдің бала көтеру мүмкіндігі де азаяды. 2021 жылдан бастап квота санын жеті мыңға жеткізу туралы шешім біз үшін күтпеген жағдай болды. Осы екі күнде бізге хабарласқан, үмітін жеткізген әйелдерде есеп жоқ.

«Аңсаған сәби» бағдарламасы нәресте сүюді армандаған көптеген отбасының үмітін оятқаны анық. «Енді медициналық жолмен балалы болу үшін 3-4 жыл күтудің қажеті жоқ», – дейді мамандар. Квотаға бір жылда қол жеткізуге болады. Ал сапалы қызмет көрсетуге медицинаның әлеуеті жеткілікті.

Ләззат Айтхожина, репродуктолог дәрігер:

- Ерлер бедеулігінде микротез операциясы жасалады және генетикалық эмбриондарды толықтай тексеретін жағдай бар. Яғни жатырға орналастырмай жатып, эмбрионның денсаулығын тексеріп бере аламыз. Әрине, мұның бәрі ақылы.

Статистикаға сүйенсек, ажырасқан отбасылардың 20% бала болмағандықтан екі жаққа кетеді екен. «Сондықтан жасанды ұрықтандыру арқылы балалы болу мыңдаған отбасыны сақтап қалады», – дейді мамандар.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев