Хабар телеарнасы

Отандық ғалымдардың өнертабысын коммерцияландыру бойынша жиын өтті

Оның ерекшелігі сол авторлар әлеуетті инвесторлармен тікелей кездесті. Бұл жолы Қазақстанның жоғары оқу орындары мен зерттеу институтының ғалымдары 11 жобасын бизнесмендерге таныстырды және бірге жұмыс жасауға шақырды. Олар тамақ өнеркәсібі, медицина, құрылыс, туризм салаларына қатысты. Арасында ауыл шаруашылығы да бар. Мәселен Мұқамбетқали Бүркітбаев бастаған топ «Күкірт нанобөлшектері» деген сұйықтық шығарыпты. Онымен өңделген алқаптағы өсімдіктердің өсуі артады және өнімділігі жоғарылайды екен. 

Мұқамбетқали Бүркітбаев, ғылыми топ жетекшісі: 
- Далалық сынық жұмыстарын түрлі дақылдарға жүргіздік. Өңдеуден кейін бидайдың құрамындағы протеин 30% көбейді. Жүгерінің өнімділігі 30% артты. Соя да көп өнім бере бастағанын байқадық. Бәрі күкірт нанобөлшектерінің әсері. Мұндай сұйықтықты жасауға қажетті шикізат қоры Қазақстанда жеткілікті.

Құрманғазы Омаров, «Ғылым қоры» АҚ департамент директоры: 
- Мұндай алаңдар тиімді. Былтырғы 31 жобаның 16 жобасы бойынша бизнес пен ғылым арасында келісімдер жасалды. Бүгінгі реактордың нәтижесін алдағы уақытта көреміз. Бүгінгі жиынға жүзге жуық бизнес өкілдері тіркелген болатын.