Хабар телеарнасы

Қыркүйекте Украина оқушылары мектепке барып оқиды

Қыркүйектен бастап Украина оқушылары мектепке барып оқиды. Алайда оқу ордасында білім алу қауіпті болса, сабақ онлайн форматқа көшірілмек.

Украина білім және ғылым министрлігінің мәліметі бойынша, биыл 400 мыңға жуық оқушы мектепке келуі тиіс. Алайда елдегі қиын жағдай оқу бағдарламасына айтарлықтай өзгеріс енгізді. Ең алдымен, оқуды офлайн форматта өткізу үшін оқу ордасы сапалы жертөлемен жарақталуы тиіс. Егер мектептің мұндай мүмкіндігі жоқ болса, оқушыларға сабақ онлайн форматта ұйымдастырылады.

Қазіргі күні Киевтегі 422 мектептің техникалық жағдайы тексеріліп жатыр, дабыл кезінде бомбадан тығылатын баспанада автономды желдеткіш, екі есік, су және дәрі-дәрмек міндетті түрде болуы тиіс.

Елена Мостицкая, ұстаз:

- Екі ауысыммен оқу жағы да қарастылып жатыр. Бастауыш сыныптар түске дейін, жоғары сынып түстен кейін оқуы мүмкін. Өйткені бір мектептің мыңдаған оқушысы бір мезетте жертөлеге сыймайды.

Ирина Милченько, ата-ана:

- Бізге күнара оқу бағдарламасы ұсынылып жатыр. Өйткені Киевте жағдай тұрақталып, шет елге қашқан оқушылар біртіндеп келе бастаған. Бала саны көп, сондықтан бір сыныптың жарты оқушысы бір күн, келесі жартысы екінші күн оқуы мүмкін. Жағдай қиындай түссе, оқуды онлайн жалғастырамыз.

Орта мектеп пен балабақша үшін оқу жылы бірінші қыркүйектен басталса, университет тәлімгерлеріне Үкімет дәрісті 15 тамызда бастап кетуге кеңес береді. Өйткені университетте оқушы саны әлдеқайда көп, сондықтан бір мезетте жаппай жертөлеге түсу қиындық туғызары сөзсіз. Оның үстіне қыстың да қалай болатыны белгісіз, оқуды ертерек бастап, қыстық демалысты бір айға дейін ұзарту жағы қарастырылып жатыр.

Елена Мостицкая, ұстаз:

- Оқу жылында бізге төрт нұсқа ұсынылды: офлайн, онлайн, ауысыммен оқу және уақытын өзгертіп оқу. Әр мектеп, балабақша және институт өзіне қалағанын таңдап алады. Балабақшада бала аз, сондықтан оларға офлайн формат ыңғайлы болуы мүмкін. Университеттегі жағдай мүлдем бөлек.

Украина президент әкімшілігінің мәліметі бойынша, 5 ай бойы жалғасып келетін қарулы қақтығыс кезінде Ресей әскерлері ел аумағындағы мектеп пен балабақшаның 20% зақымдаған. Қазіргі уақытта Украинаға қарасты облыстардың оқу ордаларын қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл оқу бағдарламасына да айтарлықтай өзгеріс енгізілді. Мәселен, «Отанды қорғау» пәнінде жоғары сынып оқушылары мина сияқты жарылғыш затты қалай залалсыздандыру керек екенін үйренеді. Дей тұрғанмен оқу жылын әлі де қауіпті деп қарайтын ата-аналар қауымы да баршылық. Оларға онлайн форматтағы оқу ұсынылмақ.

Авторы: Аида Қыдырбай