Хабар телеарнасы

Оқушыларға сабақ үстінде смартфон ұстауға тыйым салынады

Мектеп оқушыларына сабақ үстінде телефон ұстауға болмайды. Бұл туралы Парламент Сенаты тиісті заңды мақұлдап, Президенттің қол қоюына жіберді. Білім сапасын арттыру үшін осындай норма қабылданыпты. Оған сәйкес оқушылар мектепте арнайы ұяшықтар болса, сабақ кезінде телефонын сол жерге қалдыруы тиіс. Егер ондай жағдай жасалмаса, байланыс құралын сөмкесіне салады. Үзіліс кезінде телефонды қолдануға шектеу жоқ.

Ал бұған дейін ұсынылып келген жыныстық сауаттылық туралы сабақ мектеп бағдарламасына енгізілмейтін болды. Осы заңда сондай-ақ балалардың қауіпсіздігі үшін мектептегі терезелерді құлыптау қажеттілігі туралы да жеке норма қарастырылған.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Мемлекет басшысы балаларға білім беру, сондай-ақ олардың құқықтарын қорғау мәселелеріне үнемі баса мән беріп келеді. Президентіміздің бастамасымен педагогтардың мәртебесін көтеру, осы мамандықты таңдаған студенттердің стипендиясын ұлғайту, балабақша тәрбиешілерінің жағдайын жақсарту сияқты ауқымды шаралар іске асырылуда. Мақұлданған заң бұл саладағы заңнаманы одан әрі жетілдіруді көздейтін маңызды түзетулерді қамтиды.