Хабар телеарнасы

«Хабар» арнасы көрерменге жаңа туынды тарту етпек

«Хабар» арнасының жаңа туындысы. Телехикая «Күзгі аспан» деп аталады. Кино қазіргі қоғамдағы қазақ  әйелінің бейнесін суреттейді. Оның  арманына жету жолындағы тынымсыз еңбегі, адамгершілік қасиеті баяндалады. Бизнестегі кедергілер, сатқындық, құмар ойынның зардабы осының бәрі фильмде көрініс тапқан. Картина режиссерінің айтуынша, драма көрерменді жалықтырмайды. Сюжет желісі жылдам ауысып отырады.

Фильм шынайы оқиғаға негізделген. Басты кейіпкері – Сара Қалықова. Оның алғашқы некесі сәтсіз аяқталады. Одан кейін де өмірінде түрлі қиындықтарға тап болады. Дегенмен соның бәрін еңсеріп, аяғынан тік тұрады. Ұлын Лондонға оқуға жібереді. Бизнеспен айналысып, ірі кәсіпкер атанады. Телехикаяда Сараның рөлін Әсемгүл Өтешова ойнайды.

Әсемгүл Өтешова, актриса:  
- Қазіргі қазақ қоғамындағы әйелдердің мықтылығын көрсете білу. Қандай ауыртпашылық болса да қастандығы бар, арқасынан пышақ сұғуы бар, сатқындығы болса да сценаристің жеткізгісі келгені – әйел адамдар мықты.

Басты кейіпкер қайта тұрмыс құрғаннан кейін, уақытын отбасына арнағысы келеді. Компаниясын басқаруға орынбасарын қалдырады. Алайда құмаройынға құмар танысы оны заңсыз ақша жасауға, пара алуға, серіктестермен қарым-қатынасты бұзуға итермелейді.

Еділ ақылбай, режиссёр:
- Орынбасары ауылдан шыққан, жақсы қыз. Бірақ дұрыс емес адамдармен араласып, жігітпен араласып, дұрыс емес жолға кетіп қалады  Ол өзінің басқа партнерларынан ести бастайды. Бірақ ол орнына қалдырған  орынбасарына өте сенеді, сондықтан да құлақ аспайды. Содан жағдай одан сайын өрби бастайды.Сол кезден бастап біліп, ары қарай шытырман оқиға болады.

Телехикая 15 бөлімнен тұрады. Гүлханым Қабақбаева, Ерік Хамидуллаев, Қажымұқан Қалымбетов сияқты актерлар да осы кинода ойнайды. Драма іскер әйелдің тұлғалық қасиетін көрсете отырып, лудомания мәселесін де көтереді.

«Күзгі аспанның» алғашқы сериясы бүгін сағат 21:45-те «Хабар» арнасынан көрерменге жол тартады. Жаңа картинаны көруге асығыңыздар!

Қарлығаш Қайыпбекова, Мұхит Құдықбаев