Елбасының сыйлығын алған ардагерлердің қуанышында шек жоқ.
Қарағандылық Ұлы Отан соғысының ардагері Василий Кузнецов Польшаны азат ету шайқасында ауыр жараланған. Батыр жауынгер елге оралған соң да қарап жатпай, энергетика саласында ұзақ уақыт жемісті еңбек еткен.
Ақылдың кені қарияға құрмет көрсету қанымызға сіңген қасиет. Елі үшін қан майданға аттанып, толарсақтан саз кешкен ардагерлерге деген ілтипат тіпті бөлек. Жалпыұлттық шара аясында, ақтөбелік 20 ардагер Президенттің құттықтауын қабылдап, шексіз алғыстарын жеткізді.
Келер жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 70 жыл толады. Сондай-ақ ТМД елдерінде ардагер жылы аталып өтіледі. Бүгіннен бастап желтоқсанның 30-ына дейін республика бойынша Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлы Отан соғысы ардагерлерін қолдаудың жалпыұлттық акциясы өтеді.
Бүгін Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне Елбасының құттықтауын жеткізді. Ашық хатта Отан үшін от кешкен ерлерге деген Мемлекет басшысының жүрекжарды тілегі мен келе жатқан 2015 жыл және Жеңістің 70 жылдығына арналған құттықтауы бар.
Жамбылдық 20 Ұлы Отан соғысының ардагері Жаңа жыл қарсаңында Елбасының атынан құттықтау хаты мен арнайы сыйлығын алды. Марапатталғандардың бірі - қарт жауынгер Уәтәй Әлімходжаев.
«ҚР ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бекболат Мұкышевтың айтуынша, елімізде 5 115 Ұлы Отан соғысының ардагері қалған.