Хабар телеарнасы

Тәуелсіздіктің тірегі – Ата Заң

Ата Заң – халықтың құқы мен бостандығын қорғаумен қатар, ел ішіндегі біртұтастықты да қызғыштай қорып отыр деуге толық негіз бар. Жаһан әлем – тапырық болып, түрлі саяси ойындардың салдарынан түрлі оқиғалар болып жатқан замандағы мызғымаған бейбітшілігіміз соған дәлел.

1993 жылғы Конституция 1995 жылы бүкілхалықтық референдумда қайта қабылданды. Елбасы басшылық еткен жұмыс тобы негізгі заңды заман талабына сай өзгертті. Жаңа Конституция билік тармақтарын нақты белгілеп, құзіреті мен өзара әрекет етуін заң жүзінде айқындады.

Ахметжан Бейсенбеков, заңгер:

- 1993-1995 жылы өзімізге тән конституциялық даму кезеңдерінен өттік. Әлемнің конституциялық даму тәжірибесін ескердік. Сонымен қатар құқықтық реформаларды, мемлекетте болып жатқан әлеуметтік саяси өзгерістерді басшылыққа алып қабылданған өзгерістер еді.

Ширек ғасырда еліміздің экономикасы 22 есеге өсті. Халықтың тұрмысы жақсарды. Түрі, тілі, дініне қарап бөле-жармай, әр ұлттың өз мәдениеті, әдет-ғұрпын ұстанып өмір сүруіне жағдай жасалған.

Игорь Рогов, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры атқарушы директорының орынбасары:

- Президент Ата Заңның әр тармағының орындалуын қатаң қадағалап отыр. Былтырғы реформадан кейін барлық құқық қорғау жүйесін өзгертіп, ең алдымен сот жұмысын жетілдіруге көңіл аударды. Бұл жайлы былтырғы Жолдауында да, биылғы Қазақстанның 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарында да нақты көрсетті.

Ата Заңға соңғы өзгерістер былтыр ғана енгізілді. Онда Президент бірқатар өкілеттігін Үкімет пен Парламентке бөлді. (Қазір әлем елдерінің көпшілігі керісінше бар пәрменді орталық билікке аударуға тырысып жатқанда, Президенттің бұл шешімі көпке үлгі(, – дейді шетелдік құқықтанушы мамандар.

Энгин Иылдырым, Түркия Конституциялық сотының вице-президенті:

- Менің қазақ еліне деген көзқарасым ерекше. Президент Нұрсұлтан Назарбаевты айрықша құрмет тұтамын. Бірнеше жылға алдын ала жоспарлап, дер кезінде дана шешім жасай білетін ақылды басшы. Әлем алдындағы беделі зор. Көп халықаралық сарапшылар Қазақстанның конституциялық реформасын қолдап жатыр.

Ата Заң – тарихи жеңісті, халқымыздың арман-мүддесін заң жүзінде айқындаған басты құжат. Бүгінде еліміздің билік жүйесі үш тармақтан тұрады: атқарушы, парламенттік және сот билігі. Ұлттық ұстаным да ұмытылмай, жариялылық та ескерілген негізгі заң бүгін өмір сүру дағдымызды реттеп отыр.

Шмидт Ілиясов, Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі:

- Еліміздің ең үлкен мерекесі – Қазақстан Конситуциясының күні. Осы 23 жылдың ішінде біздің еліміз үлкен жетістіктерге жетті. Бұл жетістіктің ішінде ең біріншісі еңбек. Бұл – біздің Президентіміздің елге деген қамқорлығы.

Азамат Сатыбалды, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

- Ата Заңымыздың туған күні – біз үшін үлкен мерекенің мерекесі. Бұл зайырлы, тәуелсіз мемлекет болғаннан кейін өзінің туа бітті сара жолы, заңы болуы керек. Ал заңымызды қадірлеу, оны қастерлеу, сақтау, дұрыс күйінде қабылдау – әрбір азаматтың басты міндеті.

Шахисмаил Асиев, Түрік мәдени орталығы төрағасының орынбасары:

- Мемлекет басшысы әлемде баламасы жоқ Қазақстан халқы Ассамблеясы сынды әмбебап институт құрды. 26 жылдық тәуелсіздігіміздің әр жылындағы жетістіктерімізге осы Конституциямыздың арқасында қол жеткіздік.

Ата Заң заман талабына сай кемелдене береді. Бірақ нендей жағдай болғанымен, өзгертілмейтін тұстары бар. Олар – ел тәуелсіздігі, аумақтық тұтастық, басқару формасы, унитарлы мемлекет болып қалуы. Қазақстандық отансүйгіштік, ұлт пен ұлыстар бірлігі де сызат түспей, мәңгі берік болуы тиіс.

Авторлары: Индира Жылқайдарова, Қанат Әбілдин