Хабар телеарнасы

Қарағанды облысында 30 отбасы баспаналы болды

Конституция күніне орай Қарағанды облысының Шет ауданында 30 отбасы баспаналы болды. Олардың барлығы ұзақ жыл пәтер кезегін күткен мұқтаж жандар. Енді жыл соңына дейін тағы 80 астам үйдің құрылысын аяқтап, тұрғындарға тапсыру жоспарланып отыр. 

Ақадыр кентіндегі 24 пәтерлі мына екі үйдің құрылысы осыдан үш жыл бұрын басталған. Бұл мақсатқа «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша қазынадан 235 млн теңге қаржы бөлінді. Мердігерлер жұмысты межелі мерзімде аяқтап, Ата заң мерекесінде пәтер кілттері қоныстой иелеріне тапсырылды.

Әсемгүл Жайлаубаева, Ақадыр кентінің тұрғыны:
- Көптен күткенмін осы үйді. Өте қуаныштымын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Конституция күні құтты болсын! Балаларымның арқасы. 9 баланың анасымын, Алтын медалім бар.

Дархан Смайылов, Шет ауданы ТҮКШ бөлімінің басшысы: 
- Беріліп жатқан тұрғын үй бағдарламасы бұл әлеуметтік осал топтарға. Оның ішінде көп балалы отбасылар және жағдайы төмен отбасыларына тиесілі үйлер. Құрылыс сапасы ауданға қарасты құрылыс бөлімі тарапынан қадағаланып, барлық нормаларға сәйкес жүргізілді.

Сапақовтар отбасы үй кезегін 13 жыл күткен. Ақыры зәулім пәтерге қол жеткізді. Ауызсу, жылу, кәріз құбырлары орталық жүйеге қосылған.

Эльмира Жүнісова, Ақадыр кентінің тұрғыны: 
- Конституция күніне орай беріліп жатқан пәтерлеріңізге көптен көп рақмет! Менің 5 балам бар. Аллаға шүкір, 3 бөлмелі пәтер беріліп отыр.

Бұл күні Шет ауданындағы үш бірдей елді мекенде 30 пәтер берілді. Жыл соңына дейін тағы 84 үйдің құрылысын аяқтап, ел игілігіне тапсыру жоспарда. Ал қазір аудан бойынша 650 адам баспана кезегінде тұр.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар