Хабар телеарнасы

Елімізде газдандыру деңгейі шамамен 50 пайызға жетті

Батыс пен оңтүстіктегі 9 облыс газбен қамтамасыз етілген. Орталық және солтүстік өңірлерге газ толық жетпеген. Сол себепті Елбасы көктемнің басында нақты тапсырма берген болатын.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мен Қызылорда облысындағы Қараөзек деген жерден Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Астана арқылы бойынша магистральды газ құбырын салуымыз керек деп ойладым. Бұл 2 млн 700 мың адамды газбен қамтамасыз етумен қатар, арқаның экологиялық жағдайына зор ықпал ететін болады. Батыстағы газды біз қазір Оңтүстік арқылы Шымкент, Алматыға дейін алып келдік. Қазір мүмкіншілік бар. Астананың өзінде зиянды қалдықтардың ауаға тартылуын 6 есе немесе 35 мың тоннаға азаяды.

Елбасы қаланы газдандыру мәселесін 1-1,5 жылда шешуді тапсырған. Орталық және солтүстік аймақтарды газдандыруға «Қараөзек» компрессорлық стансасының қуаты жетеді.

Қарағанды іргесіндегі Үштөбе ауылында мыңнан аса отбасы түтін түтетіп отыр. Қыста бәрі көмір жағып жылынады. Ысқақ Мубаров жыл сайын 100 мың теңгеге 15 тонна қатты отын сатып алады екен.

Ысқақ Мубаров, Үштөбе ауылының тұрғыны:

- Елбасы – халыққа жақсылық жасау мақсатында шаршамайтын адамның бірі. Үйді жылыту үшін пеш жағамыз, күніне 10-15 шелек көмір тасимыз. Ол көмірді әкелу бар, оның күлін шығару керек, жағу керек. Соның бәрінен осы жердегі азаматтар құтқарылады.

Мұндай қиындықты қызылордалықтар ұмыта қойған жоқ. Тұрғындар сексеуіл мен жыңғылды да отын қылып пайдаланды. Ал аймақтың қазіргі жағдайы мүлдем бөлек. Жақында Қызылорда облысында пайдаланылуға берілген «Қараөзек» компрессорлық стансасы солтүстік өңірлер мен елорданы газдандыру үшін маңызды.

Медет Усаин, Облыстық энергетика және ТКШ басқармасының басшысы:

- Аталған компрессорлық станция осы Бейнеу-Бозой-Шымкент газ құбырының өткізгіштігін жылына 10 млрд текше метрге дейін жеткізіп отыр. Аталған газ құбыры арқылы Қараөзек пен Астана қаласына дейін жүргізетін болады. Бұл компрессорлық станцияның барлық қуаттылығы Астана, Қарағанды, Жезқазған, сонымен қатар солтүстік облыстарды газдандыруға мүмкіншілігі қарастырылған.

Қараөзектен Астанаға дейін 1 081 шақырым газ құбыры тартылады. Магистраль «Сарыарқа» деп аталады. Жоспар 100 пайыз орындалса, Қарағандының 70%-ы да газбен қамтылады. Аймақтың 5 ірі қаласы мен 120-ға жуық елді мекенге табиғи отын тартылады. Көгілдір отынға көшу өндірісті аймақтың экологиясын жақсартатыны белгілі.

Айта кетейік, қазір Астанада сұйытылған газ моделін енгізу жобасы жүзеге асырылуда.

Авторлары: Индира Жылқайдарова, Қанат Әбілдин