Хабар телеарнасы

Қызылорда облысында жылына шамамен 200 тоннаға жуық түйе сүті өндіріледі

Қызылорда облысында жылына шамамен 200 тоннаға жуық түйе сүті өндіріледі. Аймақта ойсылқара тұқымының саны жыл сайын 5% өсуде. Өйткені өңірде шұбат пен түйе сүтінен жасалған балмұздаққа деген сұраныс өте жоғары. Әзірге отандық өнім ішкі нарықты қамтуға ғана жетеді.

Жібек Мұхимованың шаруашылығында күніне 100 литрге жуық түйе сүті өндіріледі. Оны шұбатқа айналдырып, тиісті стандартқа сай арнайы құтыға құйып сатады. Алдағы уақытта бұл өндірісті кеңейтуді көздеп отыр. Ол үшін Еуропалық мамандардың тәжіребиесін үйреніп жүр.

Жібек Мұхимова, кәсіпкер:
-Ауыл шаруашылық шаруаларына арналған Германияда оқу болды. Әлі де оқып жатырмын мен, онлайн оқып жатырмын. Бірақ екі апта Германияда болдым. Сол кезде қандай стандарттар болу қажет екенін, ол қалай жұмыс жасау керек, қалай экспорттау керек деген сияқты көп жобалар жасағымыз келіп жатыр. Соның ішінде шұбат болады деген сенімдемін.

Қызылордада қазір қымыранның 1 литрі 1300 теңгеден сатылуда. Ойсылқара тұқымы екі жылда бір төлдейді. Күніне үш мезгіл сауғанмен, сүтті аз береді. Сондықтан өзіндік құны жоғары болатыны белгілі. Қазір облыс бойынша 90 шаруашылық түйе өсірумен айналысады.

Түйе сүтінің әр литріне 55 теңгеден субсидия төленеді. Былтыр өңірде 199 тонна шұбат өндірілсе, оның 144 тоннасына мемлекет тарапынан 7,9 миллион теңге қаржылай қолдау жасалған.

»,—Осыдан бөлек асыл тұқымды түйе сатып алған шаруашылық иесіне де субсидия беріледі. Малдың әр басына 100 мың теңгеден қарастырылған. Жыл сайын Сыр өңірінде түлік төресінің саны 5% көбейіп, 61 мыңнан асты»,— дейді мамандар. Олардың дені Қазалы, Арал аудандарында.

Талғат Дүйсебаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
-Түйе сүтін өңдеу саласына бағыт беріп отырмыз. Бұл бағытта бір-екі жоба қазір әзірленген. 2024 жылы бастап, 2025 жылы іске қосамыз ба деп. Түйе сүтін өңдейтін кәсіпорын ашу жөнінде жұмыстар жүруде.

Қызылорда облысының Шиелі ауданында тәулігіне 400 литр шұбат өндіретін цех бар. Мұнда түйе сүтінен балмұздақ та жасалады. Ал мамандар айтқан Арал ауданындағы жаңа жоба іске қосылса жылына 700 тонна түйе сүтінің ұнтақталған түрі өндірілмек.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев