Хабар телеарнасы

Отырар қалашығы қайта жаңғыртылады

Отырар қалашығы алдағы жылдары қалпына келтіріліп, тарихи келбетіне ие болады. Көне шаһарда бас қосқан сәулетші-ғалымдар мен археолог-тарихшылар заманында Отырардың агломерациясы жақсы дамығанын айтты.

Мәселен, қалашықтың айналасында бірнеше төбешік бар. Олардың бәрі толық зерттеуді қажет етеді. Мысалы, «Алтынтөбе» деген жерде тиын ақшалар мен әшекей бұйымдар соғылған. Ал «Жамантөбеде» малды соятын, «Шақты төбеде» пышақ қайрайтын орындар болған.

Қазір көне қалашықтың орнында зерттеу жұмыстары жүріп жатыр. Ескі мешіт пен медресенің орны қазылып, аршылу үстінде. Келешекте Отырар қаласы аспан астындағы музейге айналады. Оған республикалық және облыстық қазынадан қаржы да қарастырылған. Әсіресе туризм саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Мәселен, Арыстан баб, Отырар музейі мен ежелгі қаланы көруге жылына 300 мыңдай турист келеді. Болашақта миллионға жеткізу көзделіп отыр.

Серік Ақылбек, Отырар мемлекеттік музейі директорының орынбасары:

- Қала әртүрлі деңгейде ашылған. Мысалы XIV-XI ғасырлар деңгейінде ашылған. XVI ғасырдың мешіті де ашылған. Сонда қаланың әр даму кезеңінің бәрін қамтуға тырысып жатырмыз. Қол өнершілердің қалай тұрғаны, тұрмыс-тіршілігі, шеберхананың орындары сол көріністі көрсетіп отырмыз.