Хабар телеарнасы

Су тапшылығынан түркістандық диқандар шығынға батқалы отыр

Шаруалар бір алқаптан екі рет өнім жинау үшін ерте көктемде көкөніс көшеттерін еккен. Алайда қырыққабат, қызылшаның жапырақтары көктей солып, қурап жатыр. Өңірдегі 22 мың гектар егістік Келес өзені арқылы суарылады. Қалған шаруашылықтар Өзбекстаннан келетін каналдан су алады. Құрылыс жұмыстарына байланысты қазір сол арна кеуіп тұр.

Диқандар көктемгі егістік науқанында құрылыс жүргізіп, суды бөгеп қойған жауаптыларға наразы. Себебі тіршілік нәрі тағы 1 апта кешіксе, егістік толық қурап кетеді.

Нұрсейіт Рыспаев, диқан:
- Суарылмағанның себебінен қырыққабатымыз солады. Біз шығынға батамыз. Кредит алып отырмыз үкіметтен, КМФ-тен. Су мұрапқа айттық. Су мұрап: «жоғарыдан рұқсат берсе ғана ашамыз», - дейді.

Сүлеймен Жылқыбаев, Келес ауданы әкімінің орынбасары:
- Бірлесу ауылдық округі қазір СТК каналынан су ішеді. СТК каналы – Өзбекстан Республикасына тәуелді канал. СТК каналы бұзылуға, ақауға байланысты біз Бозсу ирригация басшылығын осында Қазақстанға шақыртып, қазіргі уақытта жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. 2-3 күнде біз ол ремонттарды аяқтатамыз.