Хабар телеарнасы

63,5 келінің мықтысы Астанада анықталады. Спорт жаңалықтары

Қазақстандық боксшылар Талғат Сырымбетов, Дархан Дүйсебай және Сағындық Тоғамбай Бакуде өткен «Ұлы Жібек жолы» халықаралық турнирінің жеңімпазы атанды. Теміртас Жүсіпов пен Тимур Қабдешов финалда ұтылып, екінші орынға ие болды. Ал Ұлттық құрамадан үмітті боксшылар Астанада жолығады.

Қазақстан Ұлттық құрамасы сапында 63,5 келі салмақта Олимпиада лицензиясына таласатын боксшы елордада анықталады. Қара жарысқа Мұхамедсабыр Базарбайұлы, Ертуған Зейнуллинов, Дулат Бекбауов, Төрехан Сабырхан, Жандос Қыдырәлиев және Серік Теміржанов қатысады. Алты жігіттің арасында жеңіске жеткені мамыр айында Тайландтағы іріктеу турниріне қатысады.

Ауыр атлеттер жолдамаға таласады

Алдағы жексенбіде Таиландтың Пхукет қаласында ауыр атлетикадан лицензиялық әлем кубогы өтеді. Қазақстан құрамасындағы алты спортшының екеуі Париж Олимпиадасының жолдамасына таласады. 49 келідегі Айнұр Әбдіхалықова мен 89 келі салмақтағы Сергей Петрович төртжылдықтың басты додасына барудан үмітті.

Алматыда қоян-қолтық ұрыстан әскерилер арасындағы ел біріншілігі аяқталды

Қарулы күштердің ХХІ Спартакиадасы аясында ұйымдастырылған сынға әскери орталықтардан және аймақтық қолбасшылық пен әскери оқу орындарынан 100-ден аса үміткер қатысты. 57 келі салмақта Жандос Мадехиянов топ жарса, 62 келіде Арнат Наметов жеңімпаз атанды. Думан Қабылқаев пен Ерсайын Қаппар, Ерлан Балтин мен Ержан Нүсіпов өз салмақтарында топ жарды. Жалпыкомандалық есепте 33239 әскери бөлімі бірінші орын алды. Әуе қорғаныс күштері екінші, ал Әскери полиция басқармасы үштікті түйіндеді.

Олжас Сердалиев, ҚР ҚМ Спорт комитеті төрағасының орынбасары:
-Әскери қызметшінің қарсыласты жою, саптан шығару немесе тұтқындау дағдыларын қалыптастыруға бағытталған спорт түрлерінің бірі. Нақты чемпионат 8 салмақ дәрежесінде өткізілді. Жалпы 14 команда болды.

Асаубаева онлайн турнирде топ жарды

Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Swiss Queens Wednesday онлайн турнирінде топ жарды. Жерлесіміз 11 турдан кейін 10,5 балл жинап, басты қарсыласынан 2 ұпайға озып кетті. Екінші орын сербиялық Теодора Иняцқа бұйырды. Үндістандық Савита Шри Баскар үздік үштікті түйіндеді. Дәстүрлі жарыс апта сайын өтеді және оған әлемнің үздіктері ғана қатысады.