Хабар телеарнасы

Футболдан Қазақстан құрамасы Сан-Мариномен шеберлік байқасады

Кездесу Италияның Парма қаласындағы «Эннио Тардини» стадионында өтеді. Жасыл алаңда біздің жігіттер кеше алғашқы жаттығуын өткізді. Бас бапкер Могамед Адиев матч қарсаңындағы баспасөз мәслихатында жігіттердің сақадай сай екенін, дегенмен кездесудің оңай болмайтынын тілге тиек етті.. Сан-Марино Қазақстан арасындағы ойын бүгін елорда уақытымен түнгі 12:45-те басталады.

Могамед Адиев, Қазақстан құрамасының бас бапкері:
-Қазақстан құрамасын фаворит деп танитын күнге де жеттік. Бұл әрине жақсы. Дегенмен мұндай нәрсеге мен мән бермеуге тырысамын. Себебі бізді аутсайдер санаса да, фаворит десе де, ол үшін ешкім ұпай ұстатпайды. Спортта сайысқа кім болып шығатының емес, жарыстан соң кім ретінде кететінің маңызды. Семейдегі алапат өрттен соң аза тұту күнін бастан кешіріп, көңілдері құлазып қалған қазақ елін жеңісімізбен қуантқымыз келеді.

Бахтияр Зайнутдинов, Қазақстан құрамасының шабуылшысы:
-Мен ұлттық құрамаға әрдайым көтеріңкі көңіл күйде келемін. Себебі ел намысын қорғау — кез-келгенге бұйыра бермейтін бақ. ЦСКА сапында кубокқа қол жеткізгеніме келсек, ол мені одан әрі жаңа жетістіктерге жетелеп, қанаттандыра түседі. Сондықтан физикалық тұрғыда да, рухани жағынан да менде барлығы жақсы деп айта аламын.