Хабар телеарнасы

«Қазақстан» шахтасындағы өртті сөндіру бір жылға дейін созылуы мүмкін

«Қазақстан» шахтасындағы өртті сөндіру бір жылға дейін созылуы мүмкін. Бұл жөнінде Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов айтты. Шахталардағы өртті сөндіру – ерекше процесс. Ол үшін оттегіні жіберуді де шектеу қажет және кен орнында арнайы маңдайшаларды орнату керек болады. Олар тиісті гипс қоспасынан жасалады. Бұл да біраз уақытты талап етеді. Еске салсақ, «Қазақстан» шахтасындағы өрт тамыздың 17-і күні шыққан. Өрт тұтанған кезде жер астында 227 адам болған. Соның 222-сі аман есен құтқарылған. 5 кенші оқиға орнында қаза тапты. Арнайы тергеу жүргізген Үкіметтік комиссия өртке 100% жұмыс беруші кінәлі деген қорытынды шығарған болатын. 

Сырым Шәріпханов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
-Шахталарға орнатылатын арнайы маңдайшалардың қалыңдығы 1 метрден 3 метрге дейін жетеді. Олар адамды жарылыстан да аман алып қалуы тиіс. Қазір шахтада осында 25 маңдайша орнатылды. Дегенмен соның біреуінде қазір жоғары температура мен газдың шектік нормадан асуы анықталды. Сондықтан құтқарушылар газ деңгейінің төмендегенін күтіп отыр.