Хабар телеарнасы

«Уимблдон» турнирінде топ жарған Елена Рыбакина елге оралды

Дегенмен ұлттық құраманың үздігі мұнда көп аялдамайды. Себебі алда әлі Американың ашық чемпионаты бар. Балақайлар бүгін мәз-мейрам. Себебі оларға еліміздің тұңғыш ракеткасы Елена Рыбакинамен ойнау сәті бұйырды. Ұлттық құраманың жұлдызы да балаларға бейжай қарамайды. Тіпті Теннис федерациясы жеңісі үшін ұсынған сыйақыдан бас тартуының себебі осы жас буынды дамытуға деген ниеті еді.

Елена Рыбакина, теннисші:

- Менің ойымша, турнир ұйымдастырған немесе жас ойыншыларға грант тағайындаған дұрыс болады. Себебі мен мұнда зор қолдауға ие болдым. Енді жас буынның дамуына менің көмектесетін кезегім келді.

Беделді турнирдегі жеңісі үшін Елена Рыбакина 2 млн фунт, яғни 1 млрд-тан аса теңге алады. Баспасөз конференциясында спортшы бұл қаражатты қайырымдылық пен юниорларды қолдаудан бөлек, бір бөлігін жануарларды қорғауға бағыттағысы келетінін айтты.

Сондай-ақ көптен бері әлеуметтік желілерде талқыға түскен сұраққа да нүкте қойылды. Елена Рыбакина өзін «Ресейдің дайын өнімі» дейтіндерге жауап берді.

Елена Рыбакина, теннисші:

- Қазақстан құрамасына ауысуға ұсыныс түскенде мен юниор болдым. Юниордан кәсіби деңгейге өту өте қиын. Ол үшін жақсы команда болу керек. Оның үстіне кәсіби спортқа көшу екінің бірінің қолынан келмейді. Санаулы адам ғана шыңға шыға алады. Бұл тұрғыда менің жолым болды. Спорттағы саяхатым Қазақстанмен жалғасып жатқанына қуаныштымын. Осының бәрі Қазақстанның арқасында болып жатыр.

Спортшының бұлай деуі тегін емес. Бес жыл бұрын кәсіби спорттық мансапты жалғастыру, не Америка Құрама Штаттарына оқуға түсу таңдауы тұрған. Қазақстанның атынан өнер көрсету туралы ұсыныс та түсе қалған. Ол қателеспеді. 23 жасында Елена Рыбакина Қазақстанның №1 әлемнің 23-ші ракеткасы болды. Жеңісіне қарамастан бұл жолы жеңімпаздарға рейтингтік ұпай берілген жоқ. Себебі турнирге Ресей мен Беларусь спортшылары қатыспаған. Аталған шектеу болмаса, ол VI орынға тұрақтар еді.

Павел Цыбулин, Қазақстан Теннис федерациясының PR-директоры:

- «Уимблдон» – кәсіпқой теннисшілер арасындағы төрт турнирдің ең көнесі әрі беделдісі. Көптеген теннисшілер үш турнирға қарағанда «Уимблдонды» жеңуді жетістік санайды. Ал Елена жеңіске қол жеткізді. Бұл енді оны ғана емес, оған қарап бой түзейтін оң мыңдаған балақайды да жігерліндіретін жеңіс болды.

Болашақ чемпионның спортқа деген құштарлығын ата-анасы дер кезінде байқап, қолдау көрсеткен.

Екатерина Рыбакина, Еленаның анасы:

- Баланың жан қалауын ескерген дұрыс қой. Сол бағытта барынша қолдап, көмектессе екен деймін. Қинаудың қажеті жоқ. Ұнаса жасасын, ұнамаса, ештеңе етпейді, ұнайтынын табамыз. Еленаның тенниске келуіне әкесі себепші болды.

Ұлттық құраманың үздігі Алматыға жол жүреді. Оның ендігі мақсаты – АҚШ-тың ашық чемпионатына қатысып, келесі «Үлкен дулыға» турнирінде жеңіске жету.

Авторлары: Дана Әлиева, Серік Қоңырбаев, Наурызбай Құрманғазы