Хабар телеарнасы

Елімізде «KazakhExport» компаниясы жанынан заманауи экспорттық-кредиттік агенттік құрылады

Бұл жайлы Мәжілістің жалпы отырысында Сауда және интеграция министрінің міндетін атқарушы Қайрат Төребаев мәлімдеді. Агенттік құруда Ресей, Аустралия, Мажарстан мен Үндістан елдерінің тәжірибесі ескерілмек. Құрылым экспорттық операцияларды сақтандыруды, кепілдендіруді және қаржыландыруды жүзеге асырады. Осылайша шикізаттық емес тауарлар экспортының көлемін 2 жылда 41 млрд АҚШ долларына дейін өсіру көзделіп отыр. Айта кетейік, елімізде 29 сақтандыру компаниясы бар. Алайда экспорт саласында бір ғана компания қызмет етіп келеді. Мемлекет басшысы Жолдауында «KazakhExport» базасында экспортты дамыту институтын құруды тапсырған.

Мақсат Толықбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Бұл біздің кәсіпкерлер үшін үлкен бір қолдау болайын деп тұр. Оның аясы кеңейгеннен бұл енді тек қана сақтандыру емес, субсидия беру, қаржыландырумен айналысады. Яғни Қазақстанда отырып, кез келген кәсіпкер Германияға тауар жіберді делік. Логистиканың өзі өте қымбат бізде. Фуралармен 3000 евро төлеу мүмкін. Енді осы агенттік аясында ол белгілі бір мөлшерді қайтара алады. Яғни субсидия ала алады.