Хабар телеарнасы

Жас сарапшылар Жолдауды талқылады

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата жанындағы Жас сарапшылар клубының отырысы өтті. Кездесуге қатысушылар Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында айтылған еліміздің экономикалық дамуының жаңа парадигмасын және оның іске асу тетіктерін талқылады. Сенат Төрағасы өз сөзінде кәсіпкерлік әлеуетті және басқа да маңызды факторларды ескере отырып, экономиканы әртараптандыру керектігіне баса мән берді. Отырыс барысында Жас сарапшылар клубының мүшелері де сөз сөйлеп, өз ұсыныстарын айтты. 

Эльмира Отар, Сенат Жанындағы Жас сарапшылар клубының мүшесі:    
-Қызу талқылау болды. Көптеген мәселелер талқыланды. Сарапшылар, жас мамандар өзінің идеяларымен, көзқарастарымен бөлісті. Бұл кездесулердің жақсы жағы бұл жерде практиктер. Тәжірибеде жүрген мамандар.

Сондай-ақ Сенат қабырғасында конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің депутаттары Қылмыстық атқару жүйесіндегі заң бұзушылық түйткілдерін талқылады. Сотталғандар тарапынан ұялы телефондарды пайдалану, әлеуметтік желілердегі арандатушылық т.б. келеңсіз жайттардың жиілегені өз алдына, жазасын өтеушілерді азаптау мәселелері де айтылды. 

Мейрам Аюбаев, ҚР ІІМ қылмыстық атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары:
-Атбасар қаласының нөмір бірінші түзеу мекемесіндегі азаптау оқиғасы турасында қоғамда үлкен резонанс туды. Тексеру барысында аталған фактілер анықталып, 15-ке жуық қызметкер тәртіптік жауапқа тартылды. Қылмыстық Кодекстің 146-шы Азаптау бабы бойынша іс қозғалып, қазір Ақмола облысының арнайы прокурорлары тергеу жүргізіп жатыр.