Хабар телеарнасы

Президент Абай облысының әкіміне сөгіс жариялады

Президент Абай облысының әкіміне сөгіс жариялады

Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа өз міндетін тиісті деңгейде атқармағаны үшін Президент сөгіс жариялады.

Қазіргі таңда сапалы, дұрыс жұмыс атқарылып жатқан жоқ. Мұны мойындауымыз керек. Бір сөзбен айтқанда, саланы түбегейлі жақсарту қажет. Мемлекет басшысы осылай деді. Қаза тапқан азаматтардың отбасымен кездескен соң, Қасым-Жомарт Тоқаев шұғыл әрекет ету штабының отырысын өткізді.

Шұғыл әрекет ету штабының отырысы өтті

-Өте ауыр әңгіме болды. Жұрт жылап отыр. Үкіметке наразылығын айтып жатыр. Марқұмдардың отбасыларына және жақындарына қайғыра көңіл айтамын. Қайтыс болған азаматтарды бір минуттық үнсіздікпен еске алайық.

Қ.Тоқаев: Министрлік міндетіне селқос қарады

Президенттен бүгін біразы сөз естіді. Оған себеп көп. Біріншіден, министрлік, оның басшылары өз қызметтік міндеттеріне селқос қарады. Не істеу керек екенін білмейді. Шұғыл шешімдер қабылдамайды. Сондықтан осындай апаттар болып отыр. Енді бұл саланың жұмысы түбегейлі өзгереді.

Бірақ Президенттің сұрағына Төтенше жағдайлар жөніндегі вице-министр Марат Күлдіков жөнді жауап бере алмады. Вице-министрдің баяндамасын Мемлекет басшысы тыңдағысы да келмеді. 

Президент облыс әкіміне сөгіс жариялады

Мемлекет басшысы бүгін біразын қатаң сынға алды. Көп ескерту жасалды. Ал Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа өз міндетін тиісті деңгейде атқармағаны үшін Президент сөгіс жариялады. Себебі ол өрт болған жерге уақытында бармаған.

Батырлар мемлекеттік наградаға ұсынылады

Қазіргі міндет – қатердің бетін қайтару. Сосын залалдың көлемін шұғыл анықтау керек. Алапат өрт кезінде өмірін құрбан еткен жандар мемлекеттік наградаға ұсынылады. Себебі олар нағыз ерліктің үлгісін көрсетті. Міндетін орындауда оттан да қашпады.     

Авторы: Қорған Қонысбайұлы.