Хабар телеарнасы

Елордада Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің бірінші отырысы өтті

Ғылым күні. Осыған орай Мемлекет басшысының төрағалығымен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің бірінші отырысы өтті. Ақордадағы жиынға Премьер-министр мен жауапты министрлерден бастап Қазақстан мен шетелдердің ғалымдары қатысты.

Ғылым – қай заманда болсын дамудың басты кілті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық кеңестің алғашқы отырысын дәл осы сөздермен бастады. Адамзат тарихындағы жетістіктің барлығы ғылым-білімнің жемісі. Ал қазіргідей дамыған технологиялар заманында ғылымсыз алға жылжу мүмкін емес. Сондықтан Мемлекет басшысы бұл салаға айрықша көңіл бөліп отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
- Өкінішке қарай, елімізде ұзақ жыл бойы оған баса назар аударылған жоқ. Соған байланысты шешімін таппай жатқан мәселелер аз емес. Тіпті, бұл сала артта қалды деуге болады. Біз өркениетті ел боламыз десек, осы олқылықтың орнын толтыруымыз керек. Сол себепті менің Жарлығыммен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес құрылды. Оған Президент жанындағы кеңес мәртебесі берілді.

Енді аталған кеңес елімізде ғылым саласын дамытумен айналысатын әрі Президентке тікелей бағынатын негізгі құрылым болмақ. Ал оның құрамында қазақ ғылымына зор еңбек сіңірген аға буын өкілдерімен қатар, шетелдік мамандар және әлемге әйгілі ғылыми орталықтарда жұмыс істеп жүрген жас ғалымдарымыз да бар. Себебі үлкендердің тәжірибесі мен жастардың креативті идеялары бір арнаға тоғысып, отандық ғылымды ілгерілетуге атсалысуы тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
- Қазіргі ахуалды сипаттау үшін мына мәселелерге тоқталып өту қажет. Соңғы бес жылда ғылымға бөлінетін қаржы 60% артты. Ал ішкі жалпы өнімдегі ғылымның үлесі керісінше, 0,13% төмендеді. Бұл қаражаттың басым бөлігі нақтырақ айтсақ, 70% бюджеттен бөлінеді. Сондай-ақ ғылымның түрлі саласын қаржыландыру ісінде өте үлкен теңсіздік бар. Қаражаттың 82% іргелі және қолданбалы ғылымға жұмсалады. Қалған 18 пайызы ғана тәжірибелік-конструкторлық зерттеулерге арналған.

Осылай деген Президент елімізде ғылыми зерттеулерді іске жаратып, қолданысқа енгізетін өндіріс өте аз екенін алға тартты. Біздегі кәсіпорындардың басым бөлігі шикізат пен металлургия саласында жұмыс істесе, үштен бірі машина жасау, мұнай және химияның үлесінде. Тек қалған 1% ғана микроэлектроника, роботтандыру және IT салаларында еңбек етіп жүр. Ал нано немесе биотехнологияға негізделген өндіріс ошақтары бізде мүлдем жоқ. Мұны ғалымдар да қолдайды.

Оразалы Сәбден, Ғалымдар одағының төрағасы: 
- Өндірісті әртараптандырып, өндірістің құрылымын өзгерту қажет. Жаңа технология арқылы дамуымыз керек. Бұл ғылымсыз болмайды, әрине. Осы жерде біз сіздерге көмектесуге дайынбыз деп айтқым келеді.

Ал ғылымды дамыту үшін не істеліп жатыр? Жақында елімізде Ғылым мен жоғары білім саласын дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданды. Соңғы жылдары қаржы да көптеп бөлініп келеді. Мәселен, биыл оның көлемі екі есеге артып, 160 млрд теңгеге дейін ұлғайса, 2025 жылға қарай қаржыландыруды 240 млрд теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Ғалымдардың жалақысы да өсті. Бірақ қаражат көбейді екен деп салаға «майшелпек» ретінде қарауға болмайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
- Академиктерге өмір бойы стипендия төленетін болды. Бірақ осы жерде ашық айтуым керек, бізде академиктер тым көп, кейбір академиктердің таза ғылымға еш қатысы жоқ. Осындай академиктердің ғылыми сапасы да, олардың ғылымға қосқан үлесі де күмәнді. Бұл Академияға нұқсан келтіргені сөзсіз. Сондықтан Академияның жаңа басшылығы осы маңызды мәселеге назар аударуы керек. Ғылым академиясының беделі, абыройы мінсіз болуы қажет.

Сөз соңында Мемлекет басшысы ғылым академиясының президенті лауазымына тағайындалған Күнсұлу Закарьяға сәттілік тілеп, академияның бұрынғы президенті, көрнекті ғалым Мұрат Жұрыновқа алғыс білдірді. Ал ғалымдарды ғылым күнімен құттықтап, Қазақстанды дамытуға үлес қосуға шақырды.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Дулат Ентебеков