Хабар телеарнасы

Мемлекет басшысы Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің есебін тыңдады

Министр Президентке Түркияның жойқын жер сілкінісінен зардап шеккен аймақтарында қазақстандық құтқарушылардың жүргізіп жатқан іздестіру-құтқару жұмыстары туралы баяндады.

Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері қиын жағдайларға қарамастан, жергілікті атқарушы органдармен тығыз байланыса отырып, жоғары кәсібилік танытып, өз міндеттерін нәтижелі атқарып жатыр. Әзірге аман қалған 4 адам құтқарылды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құтқарушылар мен кинологтар тобы хабарсыз кеткен Қазақстан азаматтарын іздеу үшін бүгін таңертең Хатайға жетті.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық құтқарушылардың жұмысына оң баға беріп, оларға сәттілік тіледі. 

Сонымен қатар Президент Үкіметке Ислам ынтымақтастық ұйымы арқылы Сирияға гуманитарлық көмек жіберуді тапсырды.