Хабар телеарнасы

Президент ҰОС-та ерлігі еленбеген үш сарбазға «Халық қаһарманы» атағын берді

Қасым-Жомарт Тоқаев Екінші Дүниежүзілік соғыста асқан ерлігімен көзге түсіп, бірақ сұрқия саясаттың кесірінен бүгінге дейін елеусіз келген үш сарбазға «Халық қаһарманы» атағын берді. «Бұл, шын мәнінде, тарихи әділдіктің салтанат құруы», - деді өз сөзінде Президент. Сондай-ақ ол Қазақстанның Қарулы Күштері құрамында қызмет ететін 70-тен аса жанды Ақордаға арнайы шақырып, мемлекеттік наградалар мен жоғары әскери шендерін табыстады.

Айткүл Сүлейменова – аты аңызға айналған сұрмерген Ыбырайым Сүлейменовтың қарындасы. Өшкені жанып, өлгені тірілгендей қуанып тұр. Ағасының 70 жылдан аса еленбей келген ерлігі лайықты бағасын алып, «Халық қаһарманы» атағына ие болды.

Сүлейменовтың жалғыз винтовкамен жүзден аса жауды жайратып салғанын көзкөргендер күні кешеге дейін айтып жүрді. Осы ерлігі үшін соғыстан кейін бірнеше рет «Кеңес Одағының батыры» атағына ұсынылса да, солақай саясаттың кесірінен бұйырмады. Невель қаласын қорғауда қазақтың қаһарман қызы Мәншүк Мәметова екеуі соңғы демі қалғанша жаумен арпалысып, қаза тапты. Олардың сүйегі де қатар жатыр.

Айткүл Сүлейменова, Ы. Сүлейменовтің қарындасы:

- «Менің қасымда сендермен жасты қыз бар, пулеметін көтере алмайды. Мен көтеріп арқалап жүремін, өзімнің автоматымды және оның пулеметін арқалап жүремін», - деп қарындастарына жазатын. «Айналайын, жақсы оқыңдар, сендер де үлкен азамат боласыңдар», - деп ылғи ақыл айтып отыратын.

Бағаланбай келген батырдың тағы бірі – Төлеуғали Әбдібеков. Ол – 397 жаудың көзін жойған снайпер. «Кеңес одағының батыры» атағы бұйырмаған мергенді туған елі «Халық қаһарманы» деп мойындады.

Айгүл Кемелбаева, Т. Әбдібековтің немере қарындасы:

- Соғыста көрсеткен ерлігі үшін үш рет «Кеңес одағының батыры» атағын бергісі келген. Бірақ өмірбаянында «Кемелбайдың ағасы репрессияға ұшыраған» деген жазу болғандықтан бермеген. Бүгін есімі ақталып жатыр. Қатты қуанып тұрмын.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Екінші Дүниежүзілік соғыста халқымыз отаншылдық пен ерліктің озық үлгісін көрсетті. 500-ге жуық жерлесіміз Кеңес Одағының батыры атанды. Алайда көптеген майдангеріміздің ерлігі түрлі себепке байланысты елеусіз қалғаны жасырын емес. Қазақта «Ер есімі ел есінде» деген сөз бар. Арада қанша жыл өтсе де, халқымыз қаһармандарын ұлықтай береді. Бұл – перзенттік парызымыз.

Мемлекеттік наградалар мен жоғары әскери шендерге ие болғандардың арасында бейбіт күннің батырлары да бар. Қайрат Базарбайұлы Арыс пен Байзақтағы төтенше жағдай кезінде жарылғыш заттарды жоюға бел шеше араласты. Ерлік Сұрағановтың да күнделікті жұмысы осы. Президент олардың кеудесіне «Ерлігі үшін» медалін тақты.

Ерлік Сұрағанов, Қостанай облысы полиция департаментінің полицей-кинологы:

-  Үйретілген иттермен есірткіні, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды іздеумен айналысамыз. Жұмыста жүргенде әртүрлі жағдай болады. Оны ерлік деп санамаймыз. Сол үшін ант бергенбіз. Сондықтан біз үшін бұл – тек жұмыс.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Геосаяси тұрақсыздық, жаңа сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлер жағдайында біз ұлттық мүддемізді қорғауға, мемлекетіміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығын сақтауға дайын болуымыз керек. Сондықтан қорғаныс әлеуетін нығайту әрдайым біздің маңызды басымдығымыз болады.

Биыл Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылғанына 30 жыл. «Осы кезеңде әскеріміз айбынды армияға айналды», - деді Президент. Күштік органдарда қызмет ету – абыройлы миссия, үлкен жауапкершілік.  Ал біздің әскер осы үдедін шығып отыр деп бағасын берді.

Авторлары: Шынар Асанқызы, Азамат Сәметов