Хабар телеарнасы

Қ. Тоқаев: Алматыны өркендету менің айрықша назарымда

Оңтүстік шаһарға арнайы барып, мегаполис тұрғындарын әз Наурыз мерекесімен құттықтаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Президент алаңға жиналған алматылықтар алдында сөз сөйлеп, қаңтар оқиғасы кезінде төнген қауіпке төтеп беріп, отансүйгіштік танытқан тұрғындарға ризашылығын білдірді.

Көктемнің алғашқы күнінен бері Алматы ақ жауыннан арылған жоқ еді. Ал бүгін аспанда шөкімдей де бұлт жоқ. Табиғат ана мен Ұлыстың ұлы күнінің мұндай үндестігі алматылықтардың көңілін көтеріп тастады. Індетке байланысты соңғы екі жылда еліміздің ең ірі мегаполисінде дәл мұндай масштабта әз Наурыз тойланбаған еді. Оның үстіне алматылықтарды арнайы құттықтау үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі арнайы келді. Келді де, қалың халықтың арасына қойып кетті. Бұл Президенттің халқына, туған қаласының тұрғындарына деген сенімі болса керек.

Жаңа жыл. Жаңа ел. Жаңа Қазақтан. Бұл сөз тіркестері биылғы Ұлыстың ұлы күнінің ұраны іспеттес. Әрбір жерден естіліп жатты. Алаңға жиналған алматылықтарды мерекемен құттықтаған Президент қаралы қаңтардың қатеріне төтеп берген жергілікті тұрғындарға алғысын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Әз Наурыз – береке, бірліктің, шынайы жанашырлықтың, өзара қамқорлықтың мейрамы. Мен Ұлыстың ұлы күнін өздеріңізбен бірге қарсы алу үшін Алматыға арнайы келіп отырмын. Алматы – тәуелсіздігіміздің алтын бесігі. Халқымызға қайта оралған ұлыс тойын мерекелеу осы қастерлі мекеннен басталды. Алматы – қазақ елінің рухани, мәдени және іскерлік орталығы. Зиялы қауымның өнер, ғылым, білім, бизнес саласының өкілдері осында шоғырланған. Кешегі қаңтар оқиғалары кезінде алматылықтар зор қауіп-қатерге төтеп берді, сын сағатта қала тұрғындары нағыз отаншылдықтың үлгісін көрсетті. Біз ауызбіршіліктің арқасында мемлекетімізді сақтап қалдық. Мен шаһарды қалпына келтіру үшін құзырлы органдарға нақты тапсырмалар бердім. Алматыны өркендету және жергілікті жұрттың тұрмыс сапасын жақсарту менің айрықша назарымда.

Президенттің бұл қалаға қамқорлығы тек перзенттік парыз ғана емес. Алматы – еліміздің ең ірі мегаполисі әрі экономикамыздың басты қозғаушы күші. Президенттің пайымынша, жаңа ел құру жолында Алматының әрі алматылықтардың орны бөлек болмақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Баршаңызға мәлім, мен бірнеше күн бұрын халыққа Жолдауымды жарияладым. Елімізді түбегейлі жаңғыртуды көздейтін ауқымды реформалар ұсындым. Саяси реформалар мемлекеттік басқару жүйесін өзгертуге бағытталған. Шын мәнінде, Жаңа Қазақстанды құру дегеніміз тек мемлекеттік аппаратты жаңғырту емес, бүкіл қоғам, әрбір адам өзгеруі керек. Әр азамат еліміздің өркендеуіне өз үлесін қосуға ұмтылуы қажет. Бүгінгі алмағайып, құбылмалы заманда береке-бірлік және тұрақтылықты сақтау өте маңызды. Осыны әрқайсымыз терең түсінуге тиіспіз. Сонда ғана болашағымыз баянды болады. Қазір біздің алдымызда зор міндеттер тұр. Оны жүзеге асыруға алматылықтар барынша ат салысады деп сенемін.

Алматы – зиялы қауымның қаласы, аталы сөздің ордасы. Қазақы бөрік, оюлы шапан. Асанәлі Әшімов жаңа күннен тек жақсылықтың келетініне кәміл сенеді.

Асанәлі Әшімов, КСРО халық әртісі:

- Мемлекетімізді қолдаңдар, қоштаңдар! Жаман күндер өтті. Аяғымыздан тік тұрып кетсек, Қазақстан мемлекет болады. Соған менің сенімім мол.

Сенім мен үміт. Үлкен қаланың тұрғындарын да алға жетелейтін осы. Биылғы қыстың қыспағын ерекше сезінген алматылықтар ақжарма тілектерін айтып, арқа-жарқа болысты.

Ұлықбек Есдәулет,  Жазушылар Одағының төрағасы:

- Наурыз – тек қана күн мен түн теңелу ғана емес, жұрттың керегесі кеңейіп, терезесі теңелетін күн. Сондықтан осы күннен халықтың күтері де көп. Осы күнде айтылған тілектер, оқылған дұғалар, ақжарма ниет-көңілдердің барлығы орындалады деп есептеледі. Сондықтан Барыс жылы табысты болсын! Ұлтымыз үшін намыстың жылы болсын!

Қаракөз Сүлейменова, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

- Әсем қаламызда жаңа жыл, жаңа ел, жаңа Қазақстан құрудың үстіндеміз. Сондықтан көңілдің серпіні тамаша болып тұр. Шынын айтқанда, осы уақытқа дейін халықтың ықыласы алай дүлей еді. Қазір халықта болашаққа деген үлкен сенім пайда болды.

Алаңда жастар көп болды. Президент те осыны аңғарған болуы керек, жастарға қаратып сөз айтып, Жаңа Қазақстанды бірге құруға шақырды.

Гүлжан Марқабаева, тілші:

- Алматының рухын көтеру керек. Қаралы қаңтар оқиғасынан соң Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деген еді. Ол бұл міндетті жергілікті билікке жүктеп қана қоймай, бұл іске өзі де араласты. Осылайша, Ұлыстың ұлы күнінде «Ақ мол болсын» деп айту үшін Алатаудың баурайына арнайы келді. Келді де, Алматының дамуы және оның тұрғындарының өмір сапасы айрықша назарда болатынын айтты. Бұл – оның президенттік қана емес, перзенттік те парызы. Өйткені Алматы – біздің тәуелсіздігіміздің тербелген бесігі.

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Айдос Меделбеков, Айдос Ентебеков, Алмас Омарғалиев