Хабар телеарнасы

Нұрлан Нығматулин палатаның бір жылдық жұмысын қорытындылады

Мәжілісте «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің тұрғын үй қатынастары туралы» заң жобасы мақұлданды. Биылғы жылдың соңғы пленарлық отырысында Мәжіліс Төрағасы палатаның бір жылдық жұмысын қорытындылады.

Міне, сиыр жылы да мәресіне жетіп қалды. Биыл құрамы 70% жаңарған Мәжіліс бір жылда 80 заң жобасын қарап үлгерді. Оның 39-ы мақұлданды. 25-іне Президент қол қойды. Олардың дені халықтың тұрмыс жайына қатысты. Солардың бірегейі – әлеуметтік салаға 50,8%-тен астам қаражат бөлу бекітілген үшжылдық бюджет туралы құжат. Әлеуметтік блокқа, яғни денсаулық сақтау, білім беру мен жалақыны оңтайластыруға 27 трлн теңге қарастырылған. Инфрақұрылымды жөндеп, ауылды сумен қамтып, оңалту орталықтарын өңдеуге қаражат көбейтілген.

Айқын Қоңыров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Тұрғын үй, ауызсу, газ, жылу, интернет секілді инфрақұрылымдық шығындар мен экономиканы жаңғыртуға бөлінетін қаражатты нақты бөлу қажет. Биыл мұнай бағасы өсіп, экспорттан пайда түсті, құрылымдық-экономикалық реформалар жасауға мүмкін болды. Енді Үкімет өнеркәсіпті жаңғыртып, экономикалық өсімнің жаңа моделіне көшуді ойластырса игі. 

Бюджеттің шығыны түсінікті, ал жыртықты жамауға келгенде ұлттық қорды түгесуді доғару қажеттігін үнемі айтатын депутаттар биыл да ескертті. Мәжілісмендер Президент тапсырмасын еске салып, шығыстарды жүйелі жоспарлауды ұсынды.

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Импортқа тәуелді жағдайда инфляцияға девальвациялық процесс те әсер етеді. Ол Ресеймен саудада байқалады. Бұл қақпаннан шығу үшін өз өндірісімізді дамытқан жөн.

Мәжіліс мақұлдаған құжаттардың басым бөлігі Президенттің бастамаларына қатысты. Солардың бірі – өнеркәсіптік саясат туралы заң жобасы. Құжатқа сай өндірісте асығы алшысынан түскендерді мемлекет қолдайды, өнеркәсіптік грант, 3%-тік несие, құрылғыларды жанғыртуда демеу қарастырылған. Экономикалық маңызды құжатқа депутаттар жұмыс топтарында 100 ден астам ұсыныс түзету енгізді.

Альберт Рау, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Заң жобасында кәсіпкер сатып алған құрал-жабдық құнының 50% өнеркәсіптік грант бойынша мемлекет өтейтіні жазылған. Бірақ оның механизмі жоқ. Ал инвестициялық субсидия туралы құжатта мүлде жазылмаған.

Өнеркәсіп өз алдына, мұның бәрі экономиканы тіктеуге жасалып отырған заңнамалық қолдау. Биыл халықтың ойындағысы орындалды. Киелі жер мәселесі. Қалың қазақтың арманы – жердің бір телімін де ел уысынан шығармау. Президенттің бұл тапсырмасы бойынша да биыл мәжілісмендер 5 бірдей жер туралы заңға өзгеріс енгізіп мақұлдады.

Берік Оспанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Ауыл шаруашылығы жеріне еге болу, жерді пайдалану құқығы тек қана Қазақстан азаматтарына ғана беріледі. Ол бір заң жобасы, сонда біз осы мәселеге нүкте қойдық. Өздеріңізге белгілі тағы да жер комиссиясы құрылған болатын, сол комисссия үлкен жұмыс атқарып, заңға өзгерістер енгізілді.

Биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығы. Мәжіліс мақұлдаған тиісті заңға сай 2 мың 236 сотталушы рақымшылыққа ілінді. Енді бір мың азамат абақтыдан босатылса, қалған мыңнан астамының жазасын өтеу мерзімі қысқартылады.

Мәжіліс депутаттары осы сессияда «Адам құқықтары жөнiндегi уәкiл туралы», «Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы», «Құқық қорғау жүйесіне үш буынды модельді енгізу туралы және мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктерді қайта бөлуге қатысты заң жобаларын мақұлдады. Мәжіліс төрағасы депутаттық корпус өз жұмысын барынша белсенді атқарғанын атап өтті.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы:

- Біз қабылдаған әрбір құжат ең алдымен еліміздің экономикасын арттыруға, халықтың әлеуметтік жағдайын, соның ішінде өнеркәсіп, денсаулық, білім салаларын жақсартуға арналып келеді. Сонымен бірге шағын және орта бизнес, экология мәселелері де ерекше назар аударылды. Осының барлығы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық тапсырмаларын және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамаларын сапалы заңдармен қамтамасыз етуге бағытталып отыр.

Мәжіліс депутаттарының халықаралық бағыттағы жұмысы да аз емес. Биыл Түркістанда ТүркПАның 10 отырысы өткізіліп, алғаш рет модельдік заңдар қабылданған болатын.

Авторлары: Индира Жылқайдарова, Қанат Әбілдин