Хабар телеарнасы

Мемлекет басшысы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының VII съезіне қатысты

430 мыңы өз істерін тежей тұруға мәжбүр болды. Десе де мемлекет қолдан келген көмегін аяған жоқ. 700-ден астам бизнес субъектісі салық төлеуден босатылды немесе олар үшін салық мөлшерлемелері төмендетілді. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының VII съезінде айтты.

Мемлекет басшысы: «Енді салалық реформаларды бизнестің құқықтары мен мүдделерін ескере отырып жүргізу қажет», – деді. Жиынға ел өңірлерінен 300-дей делегат қатысып, бизнестегі өзекті мәселелерді талқылады.

Бізде бизнеспен айналысатындар саны артты. Соңғы бес жылда шағын және орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі 24-тен 32 пайызға дейін артқан. Үш жарым миллион қазақстандық осы салада еңбек етіп жүр. Демек кәсіпкерлік ұлттық экономиканың қозғаушы күшіне айналды деуге әбден болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Кәсіпкерлік саласында еңбек ететін азаматтардың саны 21 пайызға, яғни 2,8 миллионнан 3,4 миллионға дейін өсті. Қазір жұмыспен қамтылғандардың 40 пайызға жуығы шағын және орта бизнесте еңбек етеді. Бұған мемлекет пен бизнесті байланыстырып отырған Ұлттық палатаның сіңірген еңбегі мол.

Мемлекет бизнеске барынша қолдау көрсетіп келеді. Қазіргідей қысылтаяң сәтте де жалғыз қалдырмады. Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап Президенттің Жарлығымен бизнес субъектілер үш жылға дейін тексеруден босады. Нәтижесінде тексеру көлемі 8 есе қысқарған. 700-ден астам бизнес субъектісі салық төлеуден босатылды немесе олар үшін салық мөлшерлемелері төмендетілді. Бүгін Президент Үкімет пен Ұлттық Банкке 2021 жылға арналған «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын ұзартуды тапсырды. Бұл ретте жіберілген кемшіліктер ескеру қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бұл жерде өңірлерге бөлінетін қаражаттарды сапалы әрі тиімді бөлу жөнінде сөз болып отыр. Тікелей мағынасында ақшаны желге ұшыруға немесе «өз» компанияларына келісімшарттарды бөліп беруге жол берілмеуі тиіс. Қаражаттардың бір бөлігін микронесие беруге жұмсауға болады. Үкімет пен Ұлттық банк 1 желтоқсанға дейін нақты ұсыныстар беруі тиіс. Ұлттық палата дағдарысқа қарсы шараларды әзірлеу мен оларды іске асыруда біршама қолдау көрсеткенін атап өткім келеді. Медицина тілімен айтсақ, біз бірлесе отырып, проблемаға дұрыс диагноз қойып, емдеудің қажетті шараларын қабылдай алдық.

«Елде жүргізіліп жатқан салалық реформаларды бизнестің құқықтары мен мүдделерін қорғай отырып жүргізу қажет», – деді бүгін Президент. Және ескертеді: «Инспектордан бастап генералға дейін бизнеске пайдасын тигізбесе, зиянын келтірмеуі керек».

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Біз құқық қорғау және сот жүйелерін реформалауды бастадық. Реформа жедел, ашық және тиімді болуы тиіс. Бұл жұмысты өзім тікелей қадағалаймын. Мұндай күрделі, жабық жүйелерді, оның ішінде бизнестің құқықтары мен мүдделерін қорғай отырып өзгерту қажет. Сондықтан «Атамекеннен» нақты ұсыныстар күтемін. Құқық қорғау органдарының барша қызметкерлері, инспектордан бастап генералға дейін елімізде қолайлы бизнес ахуалды қалыптастыру жұмысының толыққанды қатысушылары екендерін сезінулері тиіс.

Отандық өнім көлемін ұлғайту және қайта өңдеу өнеркәсібін қолдау. Күн тәртібінен түспейтін бір міндет. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі ұлттық жобаны әзірлеу басталды. Президенттің пікірінше, ауыл шаруашылығын дамытпай, экономика еңсе тіктеуі екіталай.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазір біздің өткеннен сабақ алатын, ауыл шаруашылығының бүгінгі жағдайын және болашағын дәлме-дәл анықтайтын, өз әлеуетімізді дұрыс бағалайтын мүмкіндігіміз бар. Алдымен пәрменді шаралар мен қолдау институттарын айқындап, дұрыс реттеу ортасын қалыптастыру керек. Содан кейін ғана қапысыз және басымдықтарды жыл сайын өзгертпей батыл алға жылжуға болады. Агроөнеркәсіп кешені бойынша бағдарламалық құжаттың әзірленуін тікелей қадағалап отыратын боламын. Бұл ретте шенеуніктердің де, кәсіпкерлердің де, сарапшылардың да пікірін тыңдаймын. Өйткені ауыл шаруашылығының әлеуетін көтеретін кез жетті. Олай болмаған жағдайда біздің экономикамыз үшін өкінішке ұрындыратын теріс салдар орын алуы мүмкін.

Қасым-Жомарт Тоқаев отандық компанияларды белсенді түрде сыртқы нарықтарға шығуға шақырды. Үкіметке Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, экспорттық әлеуеті бар салалар мен кәсіпорындарды анықтау тапсырылған. Мұндай жобаларға қаржыландыру жеңілдігі, экспорттық қолдау тетіктері, заттай грант беру секілді кешенді қолдау шаралары көрсетіледі. Қазақстан келер жылы шикізаттық емес экспорттың көлемін 29 миллиард долларға дейін арттыруды көздеп отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Үкімет пен басқа да мемлекеттік органдар бизнесті қолдауға байланысты міндеттердің тиісінше орындалуын қамтамасыз ететін болады. Алайда бизнес сектор да жаңа талаптарға тез бейімделуі керек. Кәсіпкерлер өз бизнесін жаңғыртуға назар аударуға тиіс. Бұл, ең алдымен, бәсекеге қабілетті болу, әрқашан жаңа бастамалар мен жаңа жобаларды іске асыруға ұмтылу деген сөз. Сонымен бірге біз табысты әділ бөлудің маңыздылығын да ұмытпауымыз керек. Кәсіпкерлерге жұмыс орындарын ашып, табысын ұлғайтуы қажет. Ең алдымен бұл – мемлекеттен қаржылай көмек алатын кәсіпорындардың міндеті.

Бизнесті қолдау әрі қорғау. Қасым-Жомарт Тоқаев «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының жетінші съезіне қатыса отырып, тоқетерін айтты: «Ұлттық бизнесті дамыту сайлауалды уәделерімнің бірі». Ал, уәдені орындау керек.

Авторы: Гүлжан Марқабаева