Хабар телеарнасы

Қасым-Жомарт Тоқаев: Барлық өңірді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету керек

Қасым-Жомарт Тоқаев: Барлық өңірді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету керек

«Біз қазір дәрілердің жетіспеушілігі мен оның бағасын қолдан қымбаттату мәселесін шешуге мәжбүр болып отырмыз. Бұл жағдайды тез арада реттеп, барлық өңірді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету керек. Жұмыс жүргізілуде. Енді нәтиже керек.

Індет кезінде осындай жолмен пайда тапқысы келгендерді қатаң жауапқа тарту қажет.

Беделді дәрігерлер телемедицина, телеарна және әлеуметтік желі арқылы емделудің дұрыс жолдарын үйретіп, жүйелі түрде түсіндіруі қажет.

Дәрігерлеріміздің денсаулығын сақтау, олардың жұмысқа қабілеттілігі мен ынтасын арттыру – өте маңызды.

Бас санитарлық дәрігердің пікіріне ешкім құлақ асқан жоқ. Кәсіби дағды мен ұйымдастыру жұмысы жеткіліксіз болды. Нәтижесінде біз гуманитарлық көмек алып, шетелдік мамандарға кеңестері үшін алғыс айтып отырмыз.

Тағы бір кемшілік. Біз жұмыстың тәсілдерін үнемі өзгерте береміз. Бұрынғы басшылық аяқ астынан науқастарды симптомды және симптомсыз деп бөлу керек деп шешті. Қазір бұл әдістемеден бас тарттық. Міне осындай әрекеттер халық арасында күмән туғызады.

Бір сөзбен айтқанда, пандемия кезінде Денсаулық сақтау министрін ерекше мәртебеге және құзіретке ие деп есептеңіздер. Министрлікке пандемиямен күрес жөніндегі күнделікті есептің және ақпараттың берілуін қамтамасыз етуді Үкімет пен әкімдіктерге тапсырамын.

Қалыптасқан ахуал екі аптадан кейін жақсарады деп үміттенемін. Олай болмаған жағдайда, жалпы Үкіметтің осы құрамда жұмыс істеу мүмкіндігі туралы мәселе туындайды», – деді Мемлекет басшысы.