Хабар телеарнасы

Мәжілісте туризмге қатысты заң жобасы талқыланды

Мәжіліс төрағасының пікірінше, бұл құжат елдегі туризмнің жүйелі дамып, экономикалық өсудің жаңа қозғаушы күшіне айналуы тиіс.

Тұмса табиғатымен талайды таңғалдырған көрікті жерлерге бай Қазақстанда туризмнің әлеуеті мол. Экономикалық тиімділігі де көл-көсір. Туризм экономиканың драйверіне айналуы тиіс, заң жобасы саланы ілгерілетуге септігін тигізсе игі. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин туризм туралы құжатқа қатысты осындай пікір білдірді. Жалпы қоғамдық маңызды заң жобаларын көппен бірге ашық талқылау – Мәжілісте қалыптасқан тәжірибе. Іс-шараға депутаттар, Үкімет мүшелерімен қатар «Атамекен» ҰКП, «ҚазақТуризм» ҰК, өңірлерден келген туристік фирмалар мен компаниялардың басшылары, азаматтық қоғам өкілдері және сарапшылар қатысты.

Мұхтар Тайжан, сарапшы, қоғам қайраткері:

- Осындай заң жобаларды алдымен қоғаммен қарастырып, ортақ талқыға салу керек, сонда ғана заң сапалы болады. Сондықтан мен осындай Мәжілістің ашық талқылауын толығымен қолдаймын.

Ая Нұрдәулетқызы, «Ұлттық индустрия және туризм қауымдастығы» ЗТБ Президенті:

- Бұл Қазақстанның туризмінің дамуында ең бірінші рет болып жатқан жағдай. Шынында да естуші құлақ бар екенін, тыңдаушы мемлекеттік қызметкерлер бар екені өте қуантады.

Мәжілістің қоғам өкілдерін жинап, кейбір нормаларды жекелей қарауы кездейсоқ емес. Себебі жобаның Үкімет әзірлеген нұсқасында саланы дамытуға қатысты нақты ұсыныстар жоқ. Мәжіліс төрағасы барлық мемлекеттік органның жұмысын туристік қоғамдастықпен тығыз байланыста үйлестіру қажеттігін атап өтті. Туризмді ынталандыру, бизнес субъектілеріне салық және кедендік жеңілдіктерді қарастыру мәселесі пысықталды. Оның айналасындағы инфрақұрылымды жөнге келтіру де – көп міндеттің бірі.

Инна Рей, «ҚР Туропареторлары қауымдастығы» ЗТБ Президенті:

- Депутаттар біздің ұсыныстарымызды тыңдап қана қоймай, бізге шынымен қажетті өзгерістерді ескеруді атап өтті. Туризмді дамытудың қыр-сыры көп. Егер де біз мемлекеттің қолдауы мен жеңілдіктеріне ие болсақ, көптеген идеяны батыл жүзеге асыруға болады.

Жиынға қатысушылар туристік қызмет түрлерін лицензиялауға қатысты да сан пікір айтты. Сондай-ақ заң жобасы салалық туризмнің 15 түрін ерекшелейді. Мәжіліс спикері құжат бойынша депутаттар қоғам өкілдерінің барлық ұсынысын ескеріп, әрқайсысына талдау жасалатынын атап өтті.

Авторлары: Индира Жылқайдарова, Дәурен Жұрхабаев