Хабар телеарнасы

Мәскеудегі теракт: 4 күдікті қамауға алынды

«Крокустағы» лаңкестік шабуылдан қаза болғандардың саны өсіп, 139 адамға жетті. Тағы 182-сі түрлі жарақат алған. Жұрт оларға көмектесу үшін қан тапсырып жатыр.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдеуінше, 24 мыңнан аса донорды қабылдап, 10 мың литр қан және 2 мыңдай литр плазма дайындалды.

Сот сегіз күдіктіні қамауға алды. Тікелей шабуылға қатысқан 4 содырмен қатар, бұл – Тәжікстанның үш азаматы мен Қырғызстанда дүниеге келген Ресей азаматы. Тергеу органдарының мәлімдеуінше, ағайынды Исломовтар және әкесі лаңкестерді баспана мен көлікпен қамтып, ақшаны тасымалдаған. Ал Әлішер Касимов содырлардың біріне пәтерін жалға берді. Ол пәтерді «Авито» арқылы жалға бергенін және содырлардың жоспары туралы хабарсыз болғанын айтты.

Күдіктілерге өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы шығарылуы мүмкін. Ал Мемлекеттік Думада заңнамаға өзгеріс енгізу бойынша жұмыс тобы құрылды. Саясаткерлер өлім жазасына мораторийді алып тастау, Ресей азаматтығын алғандарға 5 жыл бойы қару-жарақ сатып алуға тыйым салу мен өзге де бастамаларды қарастырып жатыр.

Дмитрий Вяткин, РФ Мемлекеттік Дума депутаты:
- Тергеу мен құқық қорғау органдары жұмысының нәтижесін күту керек. Тек осыдан кейін қажет болса, заңнамаға өзгерту енгіземіз. Ең бастысы - террорлық қауіпті азайту.

Түркияның қауіпсіздік күштері ДАИШ ұйымына қатысы бар 147 адамды қамауға алды. Олар елдің 30 провинциясында бір мезгілде өткен операция нәтижесінде ұсталды.

Түркия билік өкілдерінің мәлімдеуінше, күдіктілер кезінде лаңкестік топ құрамында шайқастарға қатысып, оны қаржыландырған.

Айта кету керек, Крокус Ситиге шабуыл жасаған содырлардың екеуі Түркиядан ұшып келгені белгілі.